Қай заманда болмасын электр қуаты – өмірдің қозғаушы күші. Үйіміздің жарығы, өндіріс дөңгелегі, көше шамы мен заманауи техника – бәрі де электрик еңбегінің нәтижесі. Электрик – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам тіршілігі үшін аса маңызды мамандық иесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны бекер емес. Себебі ел дамуы нақты іспен айналысатын, кәсібін терең меңгерген мамандарға тікелей байланысты. Солардың бірі – электрик.
Электрик – электр желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, техника мен энергияны бақылауда ұстайтын шебер. Бұл мамандық иесі дәлдік пен жауапкершілікті қажет етеді. Әрбір сым, әрбір желі – ел тұрмысының қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі.
Қазіргі таңда электриктерге сұраныс жоғары. Тұрғын үйлерде, өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығында, тіпті ақпараттық технология саласында да бұл мамандықтың маңызы ерекше. Колледждер мен оқу орталықтары жастарды жаңа заман талабына сай электр мамандығына баулып келеді.
Ең бастысы, электрик – қолымен жұмыс істей жүріп, елдің дамуына үлес қосатын еңбек адамы. Электрик – жарық пен жылудың сақшысы, еңбегі – елге нұр сыйлайтын мамандық.
Гүлдана Серікбайқызы