Қазіргі таңда электронды сауданы қолдау және дамыту мақсатында 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Салық кодексіне сәйкес кірістерді корпоративтік және жеке табыс салықтарын төлеуден босату қарастырылған.
Бұл норма егер жеке кәсіпкердің электронды сауданы жүзеге асырудан түскен кірістері жиынтық жылдық кірісінің кемінде 90 пайызын құраған жағдайда қолданылады. Ол үшін сатушылар электронды алаңға өтіп, сауданы электрондық түрде рәсімдеуі қажет. Бұл дегеніміз электронды сауда саласындағы салық төлеушілер қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркелуі тиіс деген сөз. Жоғарыда айтылғандай, электронды саудамен айналысатын салық төлеуші ретінде тіркелу осы саладағы белгілі бір қызметті жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама негізінде жүзеге асырылады. Бұл хабарлама салық органына жеке қызмет басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады. Сондай-ақ, Салық кодексінің 293-бабының 3-тармағы бойынша тауарлармен электронды сауданы жүзеге асыратын салық төлеуші осы Кодекстiң 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайыз азайтады.
Егер тауарлармен электронды сауданы жүзеге асырудан түсетін, осындай қызмет жөніндегі операция-лар бойынша туындаған оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі ескерілген кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызын құраған жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылады. Бұл шарт сақталмаған кезде салық төлеуші осы баптың ережелерін қолдануға құқылы емес. Айта кетейік, елімізде электронды сауда соңғы уақытта қарқынды дамып келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-сауданың өсім деңгейі 25 пайызды құрап отыр. Ал, елімізде электронды сауда түсінігі 2005 жылдан бастап ене бастаған болатын. Осы уақыт аралығында тұрғындар онлайн-сауда жүйесін біртіндеп меңгеруде. Электронды сауда тікелей ақпараттық және жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырылғандықтан, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бұрынғыдай дүкендерді аралауға уақыт кетпейді, жолға шығын да жұмсамайсыз, кез келген қажетті тауарыңызды үйіңізге әкеліп береді. Тағы бір қызығы, олар тауарларын нарықтағы бағадан арзанырақ ұсынады. Сонымен қатар, кез келген тауарыңызға тапсырыс беріп, оның бары-жоғын онлайн анықтауға болады. Бұл бағытта satu.kz, технодом, kaspi.kz сияқты ірі ойыншылардың қызметі күннен күнге жанданып, сұранысқа ие болуда.
Ренат ҒИЗАТОЛЛА,
аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы