Электрондық қызмет көрсетуді дамыта отырып, қағазбастылықтан құтылу қажет

Аудандық мекемелер және ауылдық округтердегі мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарына жауапты мамандарының басын қосқан жиын өткен аптада аудандық әкімдіктің қолдауымен өткізілді.

Семинар-кеңеске спикер болған аппарат басшысы Асқар Құрманғалидың айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтер көрсету саласы ақсап тұр. Елді мекендердегі интернет байланысының нашарлығы, азаматтардың әлі де электрондық қолтаңба алу, сол арқылы қызметтерге қол жеткізу сынды заманауи үдерістерге деген енжарлығы көп істе қолбайлау. Сондықтан да дамыған, технологиялық өндірісі өрістеген, барлық талаптарға сай ел боламыз десек, жаңашылдықтан қашпай, керісінше алға ұмтылуымыз қажет.

– Мәселен, ең қарапайым мекен-жай анықтамасын, соттылық жөніндегі құжатты алу үшін ит арқасы қияннан аудан орталығына келіп, уақыты мен қаражатын шығындайтын азаматтар әлі көп, - деді халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Индира Дусупкалиева.

– Егер азаматтың қолында электрондық сандық қолтаңбасы болса (мейлі ол флэш картада немесе жеке куәлігінде болсын), кез келген қызмет түрі egov.kz порталы арқылы кез келген уақытта қолжетімді. Егер өз еркімен порталға кіріп, қызмет ала алмайтын болса, әрбір ауылдық округ әкімдігінің жанында осы іске бекітілген арнайы маман бар. Ерекше айта кететін бір жайт, бұрынғыдай қызмет көрсету порталы java қосымшасын орнатуды талап етіп, техникалық қиындықтар тудырмайтын болды. Тек NGALayer көмекші қосымшасы енгізілсе болды, - деді.

Жалпы үкіметтік портал арқылы бүгінде жүздеген қызметті тез әрі онлайн ала алғанымызбен, қағазға түскен мәліметтер базада уақытылы жаңғыртылмай отыр. Соған байланысты жеке қосалқы шаруашылығы бар екендігі туралы анықтаманың электрондық нұсқасын ала алмай келеміз. Ал бала тууды тіркеу, тұрғын үй кезегін қарау, мемлекеттік қызметке өту үшін тест тапсыруға жазылу қызметтері оңай әрі қолжетімді.

Кезінде кабинеттен-кабинетке сандалуды доғарып, біртіндеп «бір терезе» қағидасына үйренген болсақ, енді халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ үйден қызмет алатын деңгейге жақындап келеміз. Ол үшін дербес компьютер немесе ноутбук, планшеттің болуы міндетті емес, тек қолыңыздағы смартфоннан кіру үшін egov.kz порталының мобильді қосымшасы орнатылса жеткілікті.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521