Электронды қызмет – қолжетімді

Өткен аптада Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының бас маманы Жеңісбек Байшеркешов ауданымызға арнайы іссапармен келді.

Алдымен Қамысқала және Тұщықұдық ауылдық округтерінде тұрғындармен жиын өтіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді және халықты электрондық қызмет алуға шақырды. Шара аудандық жұмыспен қамту орталығында жалғасып, онда аудандағы барлық сала мамандарының қатысуымен жәрмеңке өтті, келушілер кеңестер алды. Сонымен қатар сол күні аудандық әкімдікте қоғамдық кеңес отырысы өтіп, оған кеңес мүшелері мен бөлім басшылары қатысты. Мұнда мемлекеттік органдардың міндеті - халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру екені, мемлекеттік қызметші мен келуші арасындағы қарым-қатынасты азайтатын электронды форматқа көшіру сөз болды. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.

Қазіргі кезде аудандық әкімдікте 7 ауылдық округ әкімінің аппараттары және 9 құрылымдық бөлімдер арқылы 85 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Осы жылдың сегіз айында көрсетілген мемлекеттік қызмет саласы бойынша аудан әкімі аппараты мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрберген Утегеновтің хабарламасында 9615 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның ішінде 2649-ы мемлекеттік корпорация арқылы, 5224 қызмет «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы, ал, мемлекеттік органдарда - 1334, баламалы түрде көрсетілгені 408 қызмет екені айтылды. 2017 жылғы шілде айынан бастап ауылдық округ әкімдері аппараттарында жергілікті тұрғындарға электронды түрде мемлекеттік қызмет алу жөнінде кеңес беріп (мекен-жай анықтамасы, соттылығы туралы анықтама, зейнетақы аударымдары туралы, балабақша кезегін қарау және балабақша кезегіне қою, т.б. қызметтер) құжаттарын веб-порталға енгізетін штаттан тыс бір қызметкер орналастыру пилоттық жобасы іске қосылған. Олар аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан біліктілігін арттырып, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингтерге қатысып, білімін жетілдірген болатын. Күні бүгінде сол қызметкерлер интернет жүйесіне қосылған соңғы үлгідегі компьютерлер мен қажетті техникалық жарақтармен қамтамасыз етіліп, қызмет алушыларға электронды түрде алынатын мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ қалай алуға болатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазіргідей ақпарат көп, ғаламтордың дамыған кезінде уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдеп, қолжетімді электронды қызмет алғаныңыз тиімді.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521