Елін қорғаған ескерусіз қалмайды

Әңгімеміздің арасында жиі айтылатын, түрлі туындыларға тақырып, өлең-жырға арқау болып жүрген отаншылдық ұғымының көбіне ісімізден гөрі тілімізде «қызып» жататынын жасыру қиын.

 

Айтуға оңай болған бұл тақырыпты іске асыруда іркіліп қала беретініміз шындық. Оған мысал ретінде тепсе, темір үзетін атпал азаматтардың Отан қорғауға деген құлықсыздығын айтсақ жеткілікті. Ал, мемлекет абыройлы қызмет үшін бар жағдайды жасап отыр. Жалақың жақсы, үйің - әне. Ем-домың, басқа әлеуметтік жағдайың да шешулі. Сонда да әскери қызметке самарқаулық басым.

Шыны керек, сананы тұрмыс билеген қазіргі қоғамда мамандық таңдаған адам ең алдымен заманға сай, бақуатты күн кешуді ойлайды. Тіпті, ә дегеннен-ақ, күреп тапқысы келетіндер де көп. Табысы мол, шабысы аз қызмет болса деп аңсайтындар да аз емес. Сондықтан да шығар, көптеген мекемелерде маман тапшы. Солардың бірі – әскери қызмет мамандары. Мерзімді әскер қатарында болу - әр азаматтың Отан алдындағы борышы. Ал, одан әрі Отан қорғау деген ұлы мамандықты өмірлік кәсібіне айналдыру - ердің ерінің ғана қолынан келетін іс. Ал, ондай азаматтар, өкінішке орай, көп болмай тұр.

Жас та болса соларға үлгі болардай азамат, Исатай ауылының тумасы - Балтабек Дастанның әскери адам болу бала күнгі арманы екен. Мектеп қабырғасында жүріп қорғаныс істер жөніндегі аудандық бөлімнен болашақ офицерлер дайындайтын әскери жоғары оқу орны жайлы хабар алған ол Көкшетау қаласындағы кадет корпусының сержанттарды даярлау курсына түсуге ниет білдіпті. – Алғашқы қадамым сәтті болмады, - дейді ол сол жолы оқуға түсе алмағанын меңзеп. – Бірақ, алған бетімнен қайтпауды ұйғардым. Мектебімді бітіре салып, алдымен өзім таңдаған колледжді тамамдаған бойда Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскер қатарынан келген соң осы қорғаныс істері жөніндегі аудандық бөлімдегі аға-әпкелерімнен ақыл-кеңес алып, келісімшартпен әскери қызмет атқаруға бел будым. Бүгінде Атырау қаласындағы 41321 әскери бөлімінде байланысшы болып қызмет атқарамын, - дейді Дастан.

Келісімшартпен әскери қызметке орналасқанына бір жыл болған Дастанмен ауылда еңбек демалысында жүрген кезінде кездестік. Әскери өмірге ене бастаған ол бұл салада қызмет атқару үшін ең алдымен өз ісіңді сүйе білетін әрі отаншыл азамат болуың керек деген пікірде. – Рас, мемлекет тарапынан қолдау, әскери қызметшіге жасалып жатқан жеңілдіктер жетерлік. Алайда, нағыз отаншыл сарбаздың ең басты мұраты - еліне шынайы, адал қызмет ету. Ал, мемлекет еңбегін ескеріп, қамқорлап жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Бұл ретте өз басым көптеген қолдауларға куә болып жүрмін. Енді жауапкершілікпен жұмыс жасау қажет.

Дастан әскери қызметтің өзіндік қиындығы мен жауапкершілігін де сезінетіндігін айтады. Бұлжымайтын темірдей тәртіп пен күнделікті әскери дайындыққа әбден бейімделіп алған ол өзі секілді ауыл азаматтарын әскери қызмет қатарынан көргісі келетінін білдірді. Бірақ, шынын айту керек, бұл салаға құлшынып, құрақ ұшып тұрғандар аз. Қорғаныс істері жөніндегі аудандық бөлімнің инспекторы Лена Төлегенованың айтуынша, осыған дейін келісімшартпен қызмет бойынша облыс жүктемесі жүз пайыз орындалып көрмеген. Бұрын құжат рәсімдеу біраз уақыт алатын. Сол себепті де келісімшартпен әскери қызмет атқаруға ниет білдірген азаматтар құжат рәсімделгенше ұзақ уақыт жұмыссыз жүріп қалғысы келмей, басқа қызметке орналасып қоятын. Ал, қазір олай емес екен. Әрі кеткенде 2-3 ай көлемінде құжатыңыз дайын болады. Қысқасы, әскери қызметке тұрудың жолдары едәуір жеңілдеген. Сонда да азаматтарымыз ел қорғау жұмысына немқұрайлы.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор А.Бекмұханов мемлекетіміздің әскери қызметшілерге деген қолдауының жыл санап артып келе жатқандығын айтады. Соның бірі – баспана мәселесі. - 2017 жылға дейін әр пәтер жалдаушыға өтемақы төленетін. Қазіргі таңда сол ақшаны отбасындағы адам басына есептеп, (ол облысымыз бойынша 29 мың 844 теңгеден келеді) әрбір әскери қызметшінің жеке есепшотына, яғни, жинақтаушы банктегі жеке шотына аударылып отырады. Бұл - болашақта қанша жыл қызмет атқарса да, қызметшінің өз үйінің иегері болуына мүмкіндігі бар деген сөз. Әскери қызметшілердің жалақылары да жаман емес, еңбек демалысына шыққан қызметкер демалыс кезінде де еңбекақысын ала алады.

Дәрігерлік қызмет тегін, әлеуметтік жағдайына да мән берілген. Мәселен, әдетте баланы балабақшаға беру үшін алдымен кезекте тұруың қажет. Ал, әскери қызметшініің баласы балабақшаға кезексіз қабылданады. Ал, отбасын құрған жағдайда, балалы болғанда материалдық көмек көрсетіледі. Яғни, Қазақстан Республикасы Әскери қызметшілерінің мәртебесі туралы Заңға сәйкес, егер бір әскери бөлімнен екіншісіне ротация арқылы ауысатын болса, екі лауазымды жалақы мөлшерінде өзіне, яғни, әрбір отбасы мүшесіне жарты жалақы көлемінде көтерме ақы төленеді. Әскери қызметшінің азаматтық мекемелермен салыстырғанда 45 немесе 47 жасынан зейнеткерлікке шығатыны тағы бар. Бұл – әскери қызметтен зейнеткерлікке шыққан соң да негізгі зейнет жас – 63-ке дейін қалаған мамандығың бойынша білім алып, болмаса еңбек етуіңе толық мүмкіндік бар деген сөз. Әскери қызметін өтей жүріп, кез келген оқу орнын сырттай бөлімде оқып, мамандық алатын қызметшінің сегіз жыл әскери қызметін өтеген жағдайда, оқуына кеткен қаражатының 50 пайызы кері қайтарылатыны да бізді таңқалдырды.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы 2016 жылы 2, былтыр 1, биыл 1 адам әскери қызметін өтеуде. Сондай-ақ, биылғы облыс жүктемесі 5 адам болса, ауданнан келісімшартпен қызмет атқаруға 2 адам ниет білдірген. Оның біреуінің құжаттары дайын екен. Жалпылама алғанда, аудан бойынша онға жуық адам еліміздің әр өңірінде келісім-шартпен әскери қызмет атқарып жүр. Мұнайлы өңір болғандықтан, бұндағы жастардың дені өндіріс саласында, көбі вахталық әдіспен шетелдік компанияларда жұмыс жасауға ынталы. – Азаматтарымыздың мамандық таңдауы - өз еркіндегі мәселе. Оларды айыптаудан да аулақпыз. Алайда, әскери қызметтің артықшылығын айта кеткеніміз дұрыс, - дейді А.Бекмұханов. Әрине, оны қате демейміз. Алайда әскери қызметші болудың абыройлы іс екендігін, ондағы қызметшіге жасалатын жағдайларды әскерде болған әр азамат жақсы біледі. Тек, Отан маған не береді деп емес, мен Отанға не беремін дейтін ерлер керек бұл іске. Әңгіме сонда.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521