Ең төменгі айлықпен бірге басқалардың жалақысы өспейді.
Мұның себебін ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакпарқызы түсіндірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Осыған байланысты ел арасында «Ең төменгі айлық көтерілсе, басқа санаттағы адамдардың жалақысы да бірге көтерілуі керек» деген болжамдар айтылып қалып жүр. Ведомство өкілі бұл пайымның жаңсақ екенін айтады.
«Ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы басқа қызметкерлердің жалақысын өсірмейді. Мысалы, егер қызметкердің жалақысы 200 мың теңге болса, бұл оның да жалақысын көтеру керек дегенді білдірмейді. Бұл шара ең алдымен жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдардың табысына әсер етеді. Жалақысы 60 мың теңгеден жоғары жұмысшылардың басқа санаттары үшін аталмыш шараның табысына әсері жоқ», - дейді Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры.
Министрліктің қазіргі есебі бойынша, ең төменгі айлықты өсіру шарасының аясында 612 мың адамның жалақысы өгереді. Яғни, 60 мың теңгеден кем болмайды.
«2020 жылы жүргізілген талдау бойынша, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің шамамен 47%-ы 60 мың теңгеден төмен жалақы алып келген. Бұл 131 мың адам деген сөз. Қызмет көрсету, қонақүй және тамақтану саласындағылардың 44%-ы да осы санатта, шамамен 68 мың адам. Көтерме-бөлшек сауда саласында 413 мың адам, яғни 45%-ы 60 мың теңгеден аз алып жүр», - деді Қымбат Әлиакпарқызы.
inform.kz