Енді студент пәтер жалдамайды

Аудандық білім бөлімінде «Болашақ» бастауыш партия ұйымының бастауымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін талқылау өтті.

Жиналысқа бастауыш ұйым төрағасы А.Бекішұлы, ұйым мүшелері, бөлім қызметкерлері қатынасты. Басқосуды ашқан ұйым төрағасы «Бұл Үндеу біздің көкейімізде жүрген ең басты, ең маңызды деген мәселелерді қамтыды деп ойлаймын. Бұл бастамалар – Ел басшысының халқына деген қамқорлығы» дей келе, Үндеудегі бес әлеуметтік бастамаға жеке-жеке тоқталып өтті.

Сөз алған әдістемелік кабинет меңгерушісі Ерлан Ескендірұлы аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру саласы қызметкерлері Президент Жолдауларын, мақалаларын мұқият оқып, ой елегінен өткізіп, оның орындалуы барысында аянбай еңбек етіп келе жатқанын баяндады. – Міне, халық қамын ойлаған Елбасы көптен көкейінде жүрген бастамаларын наурыз айының шуақты күнінде халқына жолдады. Бұл бастамалар елдің ең қажетті деген сұраныстарын қанағаттандыруға арналған. Мұны Президенттің өз аузынан естіген халықтың болашаққа деген сенімі артып, жүректеріне қуаныш ұялап, күмәнсіз сенімділік орнатты дер едім. Осы бастамалардың іс жүзінде орындалатынына менің де сенімім зор, -деді кабинет меңгерушісі.

Әдіскер Шолпан Ғарифоллақызы үшінші бастамаға ерекше тоқталды:

- Елбасы өзінің үшінші бастамасында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды атап көрсеткен болатын. «Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек» делінген болса, осы бағыттарда біздің ауданның білім саласында да көптеген жоспарлы, мақсатты жұмыстар жүзеге асырылмақшы, -деді. Әдіскер әріптесіміз бұл ретте ауданымызда аудан әкімінің 2019-2021 жылдарға арналған инвестициялық жобасына 320 орындық кәсіптік лицейін (100 орындық жатақханасымен) салу енгізіліп, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары басталып та кеткенін, сондай-ақ, 120 орындық мектеп гимназиясы мен 100 орындық жатақхана салу, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орындық, Өркен орта мектебіне 100 орындық жапсарлас құрылыстар салу, балабақшалар бойынша Зинеден ауылында 80 орындық, Өркен елді мекенінде 290 орындық балабақша құрылысын салу жүргізілуде екенін, Томан, Нарын, Исатай елді мекендерінде де 80 орындық балабақшалар салу инвестициялық жобаға енгізіліп отырғанын тілге тиек етті.

«Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы» Исатай аудандық филиалының төрайымы Қарлыға Дүзбаева бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бойынша Президент «7 - 20 - 25» бағдарламасын» ұсынғанын айтып өтті. Ол бұған дейін де көптеген жас мамандар Елбасының «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында және баспана қажет еткен кей мұғалімдер кезектерімен баспаналы болғанын, бұл да ұстаздар қауымына деген қамқорлық деп түсінуге болатынын әңгімеледі.

- Елбасы Үндеуінің екінші бастамасында «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы айтылған. Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынуы көңілге қуаныш ұялатты. Бұның өзі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау деп түсінемін, -деген кәсіподақ төрайымы «Президент Жолдауларында мұғалімдердің жалақыларының көбейтілуі туралы айтылғанымен, жалақылары төмен жай қызметкерлер үшін міндетті медициналық тексерулерден ақысыз өту мүмкіндіктері қарастырылса деп ойлаймын» деген ұсыныс-пікірін де ортаға салды.

Жиналысқа қатысушылардың барлығы да Елбасы Үндеуі Ұлыстың ұлы күні қарсаңында халыққа айрықша тарту болды деп есептейтіндерін білдіріп, қызу қолдау танытты.

Зияда ҚАБЫШЕВА, аудандық білім бөлімінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521