Бұрын дауысы барлар ән айтатын, қазір аузы барлар шырқап жүр.
Жасырып неғыламыз, қазір сахнада тайраңдап жүрген жердегі жұлдыздардың көбі дыбыс жазу студиясына қарыздар. Шын мәнінде олар әнді сол студияда ғана айтады. Ал, сахнада даусымен жазылған әнге ернін ілестіріп шықса, сол абырой. Ал, жанды дауыста шырқайтын әншілердің қатары өте сирек.
Бұл мәселе биік мінберлерден қозғалып, талқылана бастады. Жақында мәжілістің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин де фонограммамен ән айтатындарға қатысты пікір білдірді.
«Фонограммамен ән айту дұрыс па?» Осы жайлы білмек болып Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздарына хабарластық.
Қамажай Зайнова, «Жалын» мәдениет үйінің директоры:
- Мен әнді фонограммасыз айтуды қолдаймын, жанды дауыста ән айту әншілерді шыңдайды. Өздеріне деген жауапкершілік те жоғары болар еді. Алайда ауылдық жерлерде әсіресе, бізге аппаратурамыз соған жарамай қалып жатады. Кейде түрлі жағдайларға байланысты әншілеріміздің дауысы бабында болмай қалып жатады. Сол кезде оларға жанды дауыспен айт дей алмаймыз, фонограммаға сүйенуге тура келеді. Фонограмманы далалық сахналарда қолданған дұрыс деп ойлаймын. Себебі үлкен дала сахнасынан халық керемет бір кешті не шараны тамашалауға келеді, сол кезде дауыс желмен не басқа да себептерге байланысты анық естілмей жатса, көрермен көңілінен шықпауы мүмкін.
Әділбек Жұмашев, әнші:
- Әрине, жанды дауыста өнеріміз бағаланады. Халықтың сенімі де артады. Құралдарымыз да соған сай болуы керек.
Амангелді Панабердиев, «Жалын» мәдениет үйіне қарасты жылжымалы клуб меңгерушісі:
- Фонограмманы қолданатын және қолданбайтын жерлер бар. Бұл әншілерді еріншектікке апарады деп ойлаймын. Тіпті орындаушы бара-бара әннің сөзін жаттамауы мүмкін. ҚР-ның халық әртісі Р.Рымбаеваның: «Фонограмма - әншілердің өтірік сылтауы» дегені дұрыс-ау.
Абзал Серікқалиев, дыбыс режиссері:
- Фонограммамен ән айтатын болсақ, саны бар да сапасыз әншілер көбейіп кетер еді. Егер шын әнші болатын болса, кез келген жерде тұрып ән сала алады. «Батырға оңы да, солы да бір» деген, әнші қай - жерде де әнші.
Ұлан Меңдіғазиев, көркемдік жетекші:
- Әсіресе, ұлттық аспаптарда фонограммамен айту - өте ұят. Біздің ауданда жанды дауыстағы вокалды-аспапты ансамбльдер қатарын көбейтсек, жақсы болар еді. Қазір тек ауданда «Айгөлек» вокалды-аспапты ансамблі бар, ондағы өнерпаз жігіттер әр салада еңбек ете жүріп, барынша коцерттерге қатысып жатады. Осындай ағаларымыздың ізбасарлары көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Айта кетейік, жақында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші концертте фонограммамен ән айтқанда көрерменге ескертуі керектігін айтты. Оған Мәжіліс төрағасы да пікір білдірді.
- "Қисық арба жол бұзады" деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратын не бармайтынын өзі шешеді, - деді Нұрлан Нығматулин.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден