Бүгін Исатай аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мәжілісі өтті
Оған депутаттық фракция жетекшісі Нұрым Мусин төрағалық етті. Фракция мәжілісіне «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Полымбет Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Әліби Хайдаров, Атырау облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция жетекшісі Амангелді Абдолов, облыстық мәслихат депутаттары Ізтұрған Баймұханов, Әлібек Семғалиев, Индира Дүсіпқалиева қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Нақтырақ айтқанда, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның аудан көлемінде орындалысы және аудандық мәслихат депутаттары мен фракция мүшелерінің рейтинг, қоғамдық кеңес жұмыстарының жағдайы қаралды. Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Полымбет Хасанов сайлауалды бағдарлама негізінде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Сайлауалды бағдарлама негізінде іс-шара жоспары жасақталып бекітілді. 2021-2025 жылдар аралығында 96 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 71-і өткен жылы, яғни 2021 жылы орындалуы тиіс болды. Тиісінше, 69 іс-шара толықтай орындалды. Іс-шара жоспарына енгізілген Тұщықұдық ауылынан салынып жатқан дене шынықтыру кешенінің құрылысы орындалу үстінде болса, 2021-2023 жылдары Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев, Жанбай ауылдарына жазғы су құбыры желісін тарту қаржының уақытында бөлінбеуіне байланысты әлі қолға алынбай отыр. Жазғы су құбыры желісін тарту мәселесі бойынша 2020-2021 жылдар ішінде Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына аудан әкімі орынбасарының хаттарымен бірнеше рет тиісті қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінім жолданды. Алайда, сұратылған қаражат әлі күнге бөлінбей келеді, - деді аудан басшысы.
Бұдан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған партияның атқарушы хатшысы Әліби Хайдаров барлығы 11 аудандық мәслихат депутаты бар екенін және оның 9-ы «AMANAT» партиясының атынан сайланған депутаттар екенін атап өтті.
- Сайлауалды бағдарламаның уақытылы әрі сапалы іске асуын бақылау және іске асуына атсалысу қажет. Мәслихат депутаттары өздерінің азаматтарды қабылдау кестесін БАҚ мен әлеуметтік желілерде қабылдаудан кемінде он күн бұрын жариялау қажет. Әрбір өтінішті шешімі табылғанға дейін қатаң бақылауда ұстаған жөн. Қазір барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рейтингі жүйелі түрде шығып тұрады. Депутаттардың атқарған жұмыстарына сай ақпараттық жүйеде рейтингілері арнайы нұсқаулық бойынша анықталады, - деген Әліби Хайдаров жергілікті депутаттарды қоғамда белсенді болуға, халықпен тікелей байланысқа шығып, олардың сұранысына сай жұмыс атқаруға шақырды.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.
Әділбек СЫРЫМОВ