ГЕНДЕРЛІК КОМИССИЯ ЖЫЛДЫ ТАБЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Қай салада болмасын гендерлік саясаттың болуы – мемлекет дамуының ұйытқысы.   Гендерлік саясат пен теңдік ел дамуының ажырмас бөлшегіне  айналды. «Әйел бастаған көш оңбас» деген пікірдің жалған екенін қоғамда өз орнын бекітіп, көптеген игі істерге бастамашы болып жүрген нәзікжандылар «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген пікірмен алмастыруда.

Иә, расында да ел дамуы үшін ер мен әйел бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қатар еңбек ету арқылы өрге домалатары анық. Еліміз гендерлік теңдік бойынша тұрақты түрде Азияның жетекші елдерінің қатарына кіреді екен. Иә, кез келген саланы ұршықтай иіре кететін еңбекқор  қазақ қыздарының қолынан келмейтін іс жоқ десек артық болмас. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Біздің тарихымызда әйелдер әрдайым маңызды рөл атқарған және қоғамда ерекше орын алған. Ұлы даланың қыздары халқымыздың мәдени дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап келді. Сондықтан прогресс пен жасампаздық жолында алға жылжып, әйелдердің құқығын шектейтін менталитетімізге жат үрдістерге бой алдырмауымыз керек»,-деп қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына айрықша назар аударған болатын.

Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру. Осы тұрғыда аудандағы гендерлік саясаттың да жұмыс барысы көңіл қуантады. Көптеген істердің ұйытқысы болып жүрген комиссия биылғы жылы толағай табыстарға жетіп, бірқатар істердің басын қайырды.  Аудандағы еңбек нарығындағы ерлер мен әйелдердің үлесі, басшылар мен жоғары лауазымды тұлғалардың гендерлік бөліністегі үлесі бағытындағы  мәліметтерге үңілсек: 2023 жылдың 1 қарашасындағы статистикалық мәліметке сәйкес ауданда 26 546 адам бар, әйелдердің жалпы халық санынан үлесі 48,6 пайызды құрады (немесе 12 903 әйел).Аудандық әкімдікке қарасты жұмыс жасап жатқан мемлекеттік қызметшілер саны 79 болса,  оның  48-і әйелдер, яғни 60,7 пайызы. Оның ішінде, аудан әкімінің орынбасары – 1, аудандық бөлім басшысы – 3, ауылдық округ әкімі – 1, аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы – 4. Сондай-ақ,  Тұщықұдық ауылдық Ардагерлер ұйымы төрағасы – әйелдер.

Тарихқа үңілсек, аудан әкімінің 2011 жылғы шешімімен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрылған болатын. Сонымен қатар аталмыш комиссия ауылдық округ әкімдері жанынан да құрылып, комиссия төрағалары болып округ әкімдері бекітіліп, өз жұмыстарын жүргізуде. Ал 2017 жылдың маусым айында аудан әкімі орынбасары лауазымына тағайындалған Нұрғайша Әбежан аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы бекітіліп, бүгінге дейін сәтті жұмыс атқарып келеді. Оның айтуынша аталған комиссияның негізгі міндеті отбасы, әйелдер мен балаларды әлеуметтік, экономикалық және психологиялық қолдау, ана мен баланы қорғау бойынша шараларды әзірлеу және жүзеге асыру болып табылады. Комиссия қызметі 2 кезең бойынша жұмыс атқарады. Яғни «Қазақстан Республикасындағы 20230 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастыру. Тұжырымдама отбасы тәрбиесі, гендерлік саясат, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту, медицина және тағы сол сияқты көптеген бағыттарды қамтиды.

  • Иә, жалпы комиссия бағыты әйелдердің қоғамдағы экономика­лық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз етуге, мемле­кеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор басшылығындағы әйелдер санын 30%-ға дейін арттыруға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, гендерлік ағартуды ілгерілетуге, ана мен баланы қолдауға басты назар аударылады. Әр деңгейлерде, облыс, аудан әкімдері жандарынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар, әр түрлі консультативтік-кеңесші органдар бар. Негізгі өзгерістер әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау, ерлер мен әйел­дердің еңбек нарығына, қаржылық және өзге де ресурстарға тең қол жеткізуі үшін жағдайлар жасау, әйелдерді инновациялық, инфрақұрылымдық, жоғары техноло­гиялық мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тарту мәселелерін қоса алған­да, әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты болды. Осы тұрғыда комиссия отырысы дәстүрлі түрде өтіп тұрады.Сондай-ақ, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру және әй­елдердің билік органдарында өкілдігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Гендерлік саясат саласындағы басқа да өзекті мәселелер, әсіресе ауылдық жер­лерде репродуктивті денсаулық қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әйелдердің экономикалық және саяси ұстанымдарын арттыруға кедергі келтіретін гендерлік стереотиптерді еңсеру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл болып табылады. Осы бағытты көздеп, көптеген шараларды жүүзеге асырдық. Әсіресе біз үшін биылғы жыл сәтті болып, жағымды жаңалықтары мен жемісті жеңістерімен есте қалды. Аудандық деңгейдегі «Әйел – кәсіпкер, әйел – саясаткер, әйел – қайраткер» атты аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия және  «Аманат» партиясының аудандық филиалымен бірлескен Форумы өткізілген болатын. Содан соң екінші жыл қатарынан әйел адамдар арасында волейболдан ашық турнир өтіп, биыл ауданның «Құрметті азаматы»  өмірден өткен Хатима Дайырқызына арналды. Аудандағы нәзікжандылардың білім алу жағы да кешендеу қалмады. Бұл тұрғыда аудандағы 10-ға жуық қыз-келіншектер облыстық Ішкі саясат басқармасы тапсырысы негізінде Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен бірлесе ұйымдастырушы «Қазақстан Тәуелсіз Ұрпағы» Атырау Қоғамдық Жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігімен «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру бағдарламасы бойынша көшбасшылық негізде білім алды. Және де «Асқар шыңға ту тіккен ауыл әйелдері» кітабына дефектолог, психологиялық-педогогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі Сайрангүл Бөлекова енген болатын, бұған дейін әр саланың үздік нәзікжанды мамандары кітап бетінен көрінген.  Оған қоса жыл сайын дәстүрлі түрде өтетеін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да сәтті ұйымдастырылуына комиссия мұрындық болуда. Осы байқауда республикалық, облыстық кезеңде   аудан намысын қоғаған әрбір жанұя сайыстан құр қол қайтпаған, яғни бұл бағытта да бірқатар жеңістеріміз жоқ емес. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздеген «Саламатты Қазақстан» медициналық жәрдем пойызы да аудан халқына қызмет көрсеткен. Мұнда дәрігерлердің қатарына медиаторлар, психологтар мен  заңгерлер де қосылды. Халыққа қажет ететін мамандар ақысыз түрде көмек көрсетті. Және биылғы жылдың жаңалығы деуге де болады  ауданда алғаш рет   «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, кеңес пунктінде психолог, заңгер мамандары қызмет атқарып келеді. Орталықтың негізгі мақсаты отбасындағы зорлық- зомбылыққа ұшыраған әйел- балаларға әлеуметтік-психологиялық, әләуметтік-заңгерлік, әлеуметтік- медициналық, әлеуметтік-педагогикалық бағытта консультациялық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар өзекті мәселенің бірі де бірегейі бұл әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу. Осы бағытты ауданық полиция бөлімімен бірлесе «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік!» республикалық акциясы да сәтті жүргізілді. Акция барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін көптеген кездесулер мен шаралар жүзеге асырылды. Айта берсек, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мақсат – солардың нәтижелілігі үшін жұмыстану,-деді аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Н.Әбежан.

Аталмыш комиссия жыл соңын да табысты қорытындылап, әдемі нотада аяқтауда. Атырау қаласында "Әйелдер істері, отбасылық-гендерлік саясат" жөніндегі жұмыстарды қорытындылаған әдемі кеш өтті. Атырау облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Атыраудағы Іскер әйелдер қауымдастығы, Әйелдер күштері Альянсының ұйымдастыруымен өткен  гендерлік бал "Гендерлік бал вальс ырғағында" деп аталды. Әуезді кеште құттықтаулар, марапаттар, музыкалық сәлемдемелер, конкурстық номерлер, көңілді билер жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеш қонақтары арасында әр салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерден құралған Атырау қаласы және Махамбет, Индер, Мақат, Қызылқоға аудандарынан келген делегациялар қатысты.  Осындай ауқымды кеште аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия марапатқа ие болып, аудан мерейін үстем етті. Атап айтсақ, Исатай ауданы ханымдары - Гендерлік балдың музыкалық конкурсында әділқазылар шешімімен жүлделі жүлделі І-орынды еншілесе, "Ең үздік комиссия төрайымы" номинациясымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі  комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан марапатталды, ал Атырау облысы Ардагерлер кеңесінің шешімімен "Ардақты ана" медалімен жанұясында отағасымен 6 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған, ауданға белгілі кәсіпкер, "Ауыл" партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Тахаева лайық деп танылды.  

Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Сондықтан гендерлік теңдік пен саясат оң бағытта  өз жұмысын атқаруы шарт. Ақын Олжас Сүлейменов: «Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деп айтуының өзі бүгінгі гендерлік теңдік саясатымен үндесіп жатқанын көрсетеді емес пе?! Көз ілестірмейтін жылдамдықпен дамып жатқан заманда адам жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілерді емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуетті және білім мен парасатты биік қойған абзал. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT