Исатайлық Гүлмира Қарағойшиева ойламаған жерден олжалы болып, Атырау қаласынан су жаңа баспанаға ие болды.
Су жаңалығы сол, пәтердің құрылысы әлі толық аяқталып үлгермеген. «Құрылысшы-7» құрылыс компаниясының ұтыс ойынына қатысқан ол лотореяның ең басты жүлдесі - пәтер кілтін ұтып аламын деп ойламаса керек. Жұмыс бабымен қалаға қоныс аударып, әзірге әпкесінің үйінде тұрып жатқан жерлесіміздің баспана сатып алу ең басты жоспары болыпты. Тілегені іздемей-ақ алдынан шыға келген ауылдасты телефон арқылы құттықтап, мән-жайды білген едік.
- Инстаграм желісі арқылы «Құрылысшы-7» құрылыс компаниясының ұтыс ойынын ұйымдастырып жатқанын көріп, ойын талабына сай жарияланымды өз парақшама бөлістім де, үш оқырманымды белгіледім. Сөйтіп, үміткерлердің бірі болып сынға түстім. Алайда, дәл осылай олжалы болу үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Келісімшарт пен сертификатты салтанатты түрде табыстады. Енді "Самал" мөлтекауданында құрылысы аяқталмаған пәтеріміз бар. Кім ойлаған?, - дейді Гүлмира телефонның арғы жағынан қуанышты үнмен.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ