Қазақстанда жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің және құмар ойындардың алдын алуға бағытталған әлеуметтік жоба іске асырыла бастады.
Жобаның басты мақсаты – интернет кеңістігінде жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Гранттық жоба шеңберінде тәжірибе алмасу және шетелдік тәжірибелерді енгізу мақсатында халықаралық алаң құрылады деп жоспарланып отыр.
«Жобаның бір ерекшелігі – қазақстандықтарды шетелдік жаттықтырушылар оқытады. Жұмыс интернет кеңістіктегі қауіпсіз қозғалыс, құмар ойындар, кибербуллинг және интернетке тәуелділік сияқты төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Жоба барысында қазақстандық мамандар шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ семинарлар өткізу үшін Қазақстанға халықаралық тренерлерді шақырамыз», деді Amanat партиясы жанындағы Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу саласындағы қазақстандық және халықаралық заңнамаға талдау жүргізіледі.
«Жоба бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта интернетке тәуелділік проблемасы мектеп оқушылары арасында ұлғайған. Бұл құбылыс «әлеуметтік індет» деп аталады. Корпоративтік қордың серіктестері ретінде біз халықаралық сарапшыларды тарту және жариялау арқылы жобаға барынша қолдау көрсетеміз», деп атап өтті жоба серіктесі «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» ҚБ директоры Әлішер Дүнгенин.
Қоғам белсенділері жастарды интернет кеңістіктегі қауіпсіз қозғалыс ережелеріне оқыту бойынша ақпараттық түсіндіру материалдарын дайындауды жоспарлап отыр. Жоба аясында ұйымдастырушылар «Офлайн күн» акциясын да өткізеді.
Балалар мен жастарға көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылады.
egemen.kz