Бүгінде интернет – адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған технология. Үйде отырып-ақ сауда жасау, білім алу, жұмыс істеу, банктік операцияларды орындау сияқты әрекеттердің барлығы енді желі арқылы жеңіл жүзеге асырылады. Интернеттің өмірімізді жеңілдетуімен қатар оның қауіпті жақтары да жоқ емес. Киберқылмыстар, оның ішінде интернет-алаяқтық күннен күнге кеңінен таралып, қоғамның алаңдаушылығын тудыруда. Бұл қылмыс азаматтардың жеке мәліметтерін, қаржысын алдап алу арқылы жүзеге асырылып, көптеген материалдық және моральдық шығынға ұшыратады.
Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетовтің айтуынша, интернет-алаяқтықтың қауіптілігі – оның әртүрлі айла-тәсілдермен орындалуында. «Алаяқтар өз қылмыстарын жүзеге асыру үшін үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді ойлап табады. Олардың мақсаты – азаматтардың сеніміне кіру және соны пайдаланып, жеке деректерін немесе қаржылық мәліметтерін иемдену», – дейді ол. Интернет-алаяқтықтың кеңінен таралған түрлеріне тоқтала отырып, полиция капитаны олардың әрекеттері қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп өтті.
– Көп жағдайда алаяқтар жалған жарнамалар мен ұсыныстар арқылы азаматтарды алдап түсіреді. Әлеуметтік желілерде немесе интернет-дүкендерде төмен бағамен тауарлар немесе ерекше тиімді ұсыныстар көрсетіп, адамдардан алдын ала төлем талап етеді. Төлем жасалған соң, олар ізім-ғайым жоғалып кетеді. Сондай-ақ, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстыратын алаяқтар да бар. Олар телефон арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін, банк карталарының деректерін сұрап, түрлі айла-шарғылар қолданады. Мұндай жағдайда, әсіресе, қырағылық таныту керек. Әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе полиция бөлімшесіне ресми түрде хабарласқан жөн,-деді Д.Нұрмұханбетов.
Полиция капитаны Дулат Болатұлы азаматтарды жалған инвестициялық ұсыныстардан да сақ болуға шақырады. «Алаяқтар «жоғары табысқа қол жеткізесіз», «қаржылық тәуелсіздікке ие боласыз»деген сылтаумен азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға көндіреді. Нәтижесінде, адамдар өз жинақ ақшаларынан ғана емес, қосымша қаржылық шығындарға да ұшырайды. Одан бөлек, оңай әрі жылдам табыс табуға уәде беретін схемаларға сенудің қажеті жоқ. Олар интернеттегі түрлі платформалар арқылы азаматтарды сендіруге тырысады, ал нәтижесінде азаматтардың ақшасы жымқырылып, олар алданып қалады»,-дейді ол.
Интернет алаяқтардың тағы бір қауіпті әдісі – фишингтік шабуылдар мен жалған сілтемелерді пайдалану. Олар жалған сайттарды шынайы сайттарға ұқсатып жасайды. Азаматтарға осындай сілтемелер жіберіп, олардың жеке деректерін ұрлайды. Мұндай сілтемелерді ешқашан баспаңыз және сайттардың ресми екеніне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, алаяқтар WhatsApp, Telegram секілді мессенджерлерді де белсенді қолдануда. Олар бейтаныс нөмірлерден хабарласып немесе хат жазып, жеке мәліметтерді сұрайды немесе ақша аударуды талап етеді. Мұндай жағдайларда, әсіресе, сақтық қажет.
Дулат Нұрмұханбетов алаяқтардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлей алмайтынын атап өтті. «Егер сізге күмәнді қоңырау шалса немесе хабарлама келсе, әңгімені қазақ тілінде жүргізуді талап етіңіз. Көп жағдайда, алаяқтар бұл талапты орындаудан бас тартады немесе мүлде сөйлесуді доғарады. Бұл – олардың алаяқ екенін анықтайтын ең қарапайым тәсілдердің бірі», – дейді ол.
Алаяқтардан қорғану үшін әрбір адам белгілі бір ережелерді есте сақтауы қажет. Жеке мәліметтерді, әсіресе банк картасының нөмірі, ЖСН немесе басқа да жеке деректерді ешкімге беруге болмайды. Онлайн сауда жасағанда тексерілген, ресми сайттарды пайдалану керек. Бейтаныс және күмәнді жарнамаларға сенуден аулақ болыңыз. Егер сізге өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырып қоңырау шалса, әңгімені дереу тоқтатып, ресми нөмірлерге хабарласыңыз. Сондай-ақ, сілтемелердің дұрыстығын тексеру, мессенджерлер арқылы келген күмәнді хабарламаларға жауап бермеу – интернет-алаяқтықтан қорғанудың негізгі жолдары.
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз. Бұл тек сіздің ғана емес, айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Интернеттің дамуымен бірге туындаған алаяқтық мәселесі әрбір азаматтың қырағылығы мен жауапкершілігін талап етеді. Жеке деректеріңізді қорғап, тексерілген және сенімді ақпарат көздерін пайдалану арқылы өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қорғай аласыз. «Қырағылық – қазіргі заманның басты қорғанышы», – деді полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетов.
Интернеттің игілігін дұрыс пайдаланып, алаяқтардың әрекетінен сақ болайық. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі оның жеке жауапкершілігінде екенін естен шығармайық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА