Өңірде педагог-психологтардың жауапкершілігі артады

 

Заң мен тәртіп. 

Облыста бүгінде 468 педагог-психолог пен 194 әлеуметтік педагог қызмет етеді. Кадр тұрақсыздығы мен жүктеменің көптігіне байланысты биыл аймақтағы барлық мектепке HR+ бағдарламасын енгізу басталды. 

Бұл жүйе психологтардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың жеке психологиялық картасын автоматты түрде талдауға мүмкіндік береді. Десек те сала мамандарының жауапкершілігі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл туралы Атырау қаласында өткен «Профилактика – даму мен жетістік» атты педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге арналған облыстық екі күндік форумда атап айтылды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыс әкімдігі, облыстық білім беру басқармасы Психологиялық қолдау орталығы және облыстық прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырылған форумның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет тиімділігін арттыру және бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер бойынша кәсіби ортада ортақ пікір қалыптастыру.

Жиынның ашылуында облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов сөз алып, шараның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, облыстық прокурордың көмекшісі Оралбек Хамитов және облыстың Құрметті азаматы Қилымғали Қайненов жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәрбиесінің өзектілігіне тоқталды.

Спикерлер ұрпақ тәрбиесіндегі психологтардың рөлін күшейту, құқықбұзушылықтың алдын алу, мектептердегі психологиялық қызметті жетілдіру мәселелерін талқылады. Форумға 300-ге жуық педагог-психолог қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің балалардың қауіпсіз дамуына бағытталған жүйелі жұмысқа тың серпін беретінін атап өтті.

Форум барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов психологтардың еңбегіне тоқталып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен суицид статистикасын баяндады.

Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық артқан. Мәселен, 2024 жылы 63 факт тіркелсе, 2025 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 112 ге жеткен. 

Суицид бойынша 2024 жылы 39 әрекет, 8 аяқталған факт, 2025 жылы 18 әрекет, 6 аяқталған факт тіркелген. 

Ерте жүктілік бойынша 2024 жылы – 127 жағдай, 2025 жылы 88 жағдай есепке алынған.

Дарын Шамұратов бұл көрсеткіштердің артында әрбір баланың тағдыры тұрғанын атап өтіп, психологтар мен әлеуметтік педагогтерге артылар жауапкершіліктің жоғары екенін жеткізді.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап педагог-психологтардың жалақысын арттыру мәселесі қаралып жатқаны айтылды. 2025-2027 жылдары реновациядан өтетін 97 мектепте психолог кабинеттері талапқа сай қайта жасақталмақ.

Күннің екінші жартысында секциялық жұмыстар өтті. Қатысушылар HR+ автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесімен танысып, арт-терапия әдістері, психологиялық кеңес беру тәсілдері, аддиктивті мінез-құлық диагностикасы мен терапиясы, жасөспірімдердің эмоционалдық интеллектісін дамыту тақырыптарында терең ақпарат алды.

Форум екінші күні жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауы мен агрессия профилактикасына арналған практикалық сессиялармен аяқталады.

 

      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT