Шындығы керек, қазіргідей күрделі уақытта заман көшіне ілесу оңай емес. Оны қай саладан да байқауға болады. Әрине, бұған түрлі себептері де бар. Күн сайын жаңарып жатқан кезеңде өзгерісті түсініп, қабылдап үлгеру, сол талаптарға сай қалыптасу да қиындау. Бұл ауыл шаруашылығы саласына да тән жағдай.
Табиғаты қаталдау біздің өңір жағдайында мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруаларға да осындайда үлгі боларлық істер керек-ақ. Бұны күні кешегі қазақстандықтарға арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Мемлекет басшысы да айрықша атап айтқанын естіп, оқып та отырмыз.
«Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып,зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді» деді Мемлекет басшысы.
Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жетекші сала болған біздің аудан жағдайында бұрындары да мұндай тәжірибелер болғанын аға буын ардагерлер ұмытпаған болар. Оның шет жағасын өзіміз де көре қалдық. Малбегілер арасында әр шаруашылықтың озаттарының тәжірибелері аудандық, облыстық газеттер арқылы таратылып тұратын. Ол сол еңбек озатының еңбегін бағалау әрі насихаттау, ең бастысы, басқаларының көріп-біліп, ойға түюіне көп көмек еді. Сол озаттар ауылына шаруаларды ұйымдастырып алып барып, іс басында таныстыру да болып тұратын. Шаруа адамы ретінде осындай іс-шаралардың қазір де жүзеге асырылуы өте құптарлық іс болар еді деп есептеймін.
Оңдасын МАХАТОВ,
«Оңдасын» шаруа қожалығының басшысы.
Тұщықұдық ауылдық округі