Исатай ауданының полицейлері әлеуметтік желі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстырды болдырмау мақсатында «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасын қолға алды.
Аталмыш іс-шара аудан аумағында аудандық полиция бөлімінің бастамасымен 26-28 шілде аралығында өтуде. Шара негізінен ақпараттық технологияларды, соның ішінде интернет-алаяқтықты қолдана отырып жасалған құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы күні адамның сенгіштігі мен азды көп, жоқты бар етсем деген ойын пайдаланып, қаржысын жымқырып жүрген интернет баукеспелерінің дәурені жүріп тұрғаны жасырын емес. Аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Наурызбай Ғабдіжанұлының сөзінше, жыл басынан бері аудан көлемінде 7 адам интернет алаяқтарының құрбаны болғаны.
- Бұл қылмыстардың болуына көптеген факторлар әсер етуде. Қазір, интернет желісі жоғары қарқынмен дамып келеді. Әлеуметтік желі табыс табудың жаңа жолына айналды. Сәйкесінше, бұл алаяқтардың да жаңа жолмен жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырып отыр. Жәбірленушінің кей мәселесі шешілсе, кей кездері қажетті нәтижеге қол жеткізе алмай қаламыз. Сондықтан, тұрғындарға айтарым әлеуметтік желіден келген ұсыныстардан барынша сақ болыңыздар. Қай мәселеде болмасын - «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Оңай жерде олжа болмайды», - дейді аға жедел уәкіл.
Сондай-ақ аға жедел уәкіл мұндай қылмыстың бетін ашу оңайға соқпайтындығын да атап өтті.
- Алаяқтық бабымен тіркелген қылмыстың көбі осы интернет ұрыларын қатысты болып отыр. Олардың ізіне түсу жағы қиын екені рас. Өйткені еліміздегі әлеуметтік желілердің хостинг провайдерлері мен серверлері шетелде орналасқан, оның ішінде Молдовия, Украина, Россия секілді мемлекеттерде көптеп кездеседі. Сол себепті қылмыскерлерді ID, IP адрестері арқылы жедел анықтау қиынға соғады, - дейді Наурызбай Ғабдіжанұлы.
Мамандар аталған іс-шара аясында әлеуметтік желі арқылы орын алатын алаяқтық қылмыстан сақтану үшін тұрғындарға бірқатар кеңестер ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ғаламтор жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару, әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеу, мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдалану, есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолдану, браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болу, банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпау және банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламау жайына баса назар аудару қажеттілігі айтылды.
Айта кетейік, азаматтар аталған қылмыстың құрбаны болған жағдайда тұрғылықты мекен-жайға жақын орналасқан полиция бөліміне немесе 102 телефонына хабарлай алады.
Әділбек СЫРЫМОВ