Исатай ауданында тағы бір жүргізушінің көлікті масаң күйде басқарғаны анықталды.
Бұл туралы Исатай аудандық полиция бөлімі хабарлады.
Белгілі болғанындай, 7 тамыз күні сағат 00:10 шамасында жергілікті патрульдік полиция тобының инспекторлары Аққыстау ауылынан Н.Балғымбаев кен орнына қатынайтын тасжол бойында «ВАЗ-2115» жеңіл автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде жүргізушінің сау күйде екендігіне күмәнданған. 24 жастағы азамат медициналық сараптамаға жеткізіліп, дәрігердің қорытындысына сәйкес жеңіл дәрежелі масаң күйде екендігі анықталды. Осыған байланысты көлік жүргізушісіне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) әкімшілік хаттама жасақталды. Аудандық соттың шешімімен құқық бұзушы азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Әзірге сот қаулысы өз күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, аудан аумағында соңғы бір айдың көлемінде масаң күйде көлік құралын басқарған жүргізушілер үшін 3-рет сот үкімі шығып отыр.
Әділбек СЫРЫМОВ