Исатай ауданында «Мен және менің полицейім» акциясы өтуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтып, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.

Осыған орай сәуір айының 11-15 күндері аралығында ауданда «Мен және менің полицейім» атты республикалық акция өтуде. Акция барысында Тұщықұдық ауылдық округінің учаскелік инспекторы Шыңғыс Ибатов және аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Данабек Сатимов білім беру мекемелерінде болып, оқушыларға дәріс оқыды. Нақтырақ айтқанда, мамандар Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің және Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 5-9 сынып оқушыларына қоғамдық орындардағы, жолда жүру, таныс емес адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде мінез-құлықтың ережелері жөнінде кеңінен түсінік берді. Бұдан бөлек, жол патрульдік полициясының жұмысы және  қызметтік автокөліктерімен танысты.

9885c975-cf0a-4ba5-a43a-30d028d4bbf9

Ал, Аққыстау орта мектебінде өткен басқосуда оқушылар «Полиция – дос және қорғаушы» тақырыбында сурет салып, соның аясында өз ойларын ортаға салды. Бұл басқосуға қатысқан аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмаған істері жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айсұлу Телеубаева оқушылардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, акцияның маңыздылығына тоқталды.

d29aedfc-ffc4-41d3-a25f-4904296eed6d

- Акцияның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, оларға қауіпсіздік шараларын үйрету, полиция жұмысымен таныстыру, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Акция ауданымызға қарасты өзге де білім беру мекемелерінде жалғасын табады, - дейді Айсұлу Телеубаева.

Айта кетейік, бес күнге жоспарланған республикалық акция мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтуде.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT