Исатай ауданында Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті

Исатай ауданында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Елін қорғау – ерге серт» атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиында алдымен сахнаға ҚР Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Әнұран орындалды. Алғашқы сөз аудан әкімі Полымбет Хасановқа жолданып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.

- Ерлік пен елдіктің, қайсарлық пен батырлықтың қос мерекесі Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл мерекелер батыр бабаларымыздың рухын асқақтатып, Отан қорғаушыларымыздың абыройын арттыратын күн. Тәуелсіздігіміздің мызғымас қорғаны болған ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл. Осынау 30 жыл ішінде еліміз шекарасын шегендеп, айбынды әскерін жасақтап, Қарулы күштерін күшейтті. Құрлықта да, теңізде де кәсіби мамандарымыз дайындалып, ел қорғайтын ұландарымыз түрлі әскери мамандықтарды игере білді.

Кешегі батыр бабаларымыздың лайықты жолын жалғастыратын ізбасарлар сап түзеді. Елдің тыныштығы мен адамдардың алаңсыз ұйқысы үшін Қарулы күштеріміз сенімді қызмет етуде. Құрметті, Отан қорғаушылар! Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын берік қорғап келесіздер. Сіздердің арқаларыңызда әр тұрғын алаңсыз ғұмыр кешіп, жас ұрпақ бейбіт елде уайымсыз өмір сүруде. Бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналған тәуелсіз Қазақ елі қарыштап дамып, ел іргесі берік болып, айбынды әскеріміздің қуаты арта берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! - деді аудан әкімі және бір топ әскери қызметкерді алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ, әскери сала қызметкерлерін аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев құттықтап, бірқатар қызметкерлерді марапаттады. 

- Құрметті қорғаныс саласының қызметкерлері! Сіздерді айтулы мерекемен аудандық мәслихат аппараты мен депутаттар атынан шын жүректен құттықтаймын. Қарулы күштердің дамуына ел Президенті ауқымды жұмыстар атқаруда. Алға қарай жаңа бастамаларға ел болып қолдау білдіріп, Қарулы күштердің дамуына үлес қоса берейік, - деді ол. 

Әскери салада аянбай қызмет етіп, ерлермен иық тіресіп, ел намысын қорғап жүрген Нұр-Сұлтан қаласының №14776 әскери бөлімінің басқарма бастығы, полковник – Гүлбану Тастанбекова жиынға қатысушыларды LED экран арқылы мерекемен құттықтады.

- Құрметті, жерлестер! Исатай ауданында әскери қызметтің әр саласында жүрген әскери қызметшілерді, Қарулы күштердің ардагерлерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілей отырып, Еліміздің қорғаныс қабілеті нығая берсін демекпін. Мерекелеріңіз құтты болсын! - деді ол.

Бұдан кейін Исатай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ҚР Қарулы Күштері құрылғанынан бергі тарихы, тыныс-тіршілігі, атқарған жұмыстары жөнінде бейнеролик көрсетілді. 

Салтанатты жиын «Жалын» мәдениет үйінің концерттік бағдарламасына ұласты. 

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521