Исатай ауданында үшжақты комиссия отырысы өтті

Аудандық әкімдікте аудан әкімі Полымбет Хасановтың төрағалығымен өтетін «Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу» жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысына 2 мәселе ұсынылды. Біріншісі, денсаулық сақтау мекемелері ұйымдарында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі талаптарының сақталуы туралы болса, екіншісі қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету негізіндегі ұжымдық шарттың жасақталуы, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Исатай аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Жасұлан Жұмағұлов баяндама жасаса, екінші мәселе бойынша «Сазанқұрақ» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Арман Күнтаев пен «Потенциал-Ойл» ЖШС еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Манарбек Журумов баян етті.

- Емхана қызметкерлеріне 8 сағаттық жұмыс, ал аурухана қызметкерлеріне кезекшілікке тұру сағатына байланысты еңбек ақы төлеу, сонымен қатар еңбек жағдайлары ерекше зиянды жұмыстағы мекеме қызметкерлеріне қосымша сүтпен қамтамасыз ету қарастырылып, барлығы ұымдастырылып отыр. Барлық медицина қызметкерлерінің өмірі жазатайым оқиғалардан сақтандырылған. Кәсіподақ мүшелерінің құрамы толықтай қайта сайланды. 2021-2022 жылдары материалдық көмек сұрау жөнінде кәсіподаққа түскен 2 арыз қаралып, қанағаттандырылды, - деді Жасұлан Жұмағұлов.

- Компания барлық қызметкерлерді қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етеді, зиянды жағдайда жұмыс жасайтындарға сүт және жеке бас гигиенасының құралдары беріледі. Барлық қызметкерлер заңнама талаптарына сәйкес қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқытудан өтеді. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан жыл сайын қызметкерлер міндетті сақтандырылып отырады. Бүгінде ондай жағдайлар тіркелген жоқ. Қызметкерлер жыл сайын дәрігерлік тексеруден өткізіледі. Бос орындар түзілген жағдайда компания бос орындар туралы мәліметті www.enbek.kz сайтына орналастырылады, - деді Арман Күнтаев.

Баяндама жасаушы мекеме өкілдеріне комиссия мүшелері сұрақтар қойып, жұмысқа қатысты тақырыптар төңірегінде мәселе қозғады. Атап айтсақ, жоғары оқу орнын бітірген маман дипломмен жұмыспен қамту бөлімі арқылы өндірістік компаниядан бір жылға дейінгі уақытта сынақ мерзімінен өтсе, оның қауіпсіздігі үшін мекеме жауап бере ме? деген сауал көтерілді. Айтылған мәселенің барлығы хаттамаға тіркелді.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521