Жасыратыны жоқ, жолдағы қауіпсіздік – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Сол себепті азаматтардың амандығын қамтамасыз етіп, құқықтық сауатын жетілдіру жайы күн тәртібінен түспей тұр. Демек, құқық қорғау саласының мамандары тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздік ережесін түсіндіре отырып, жауапкершілікті арттыру мақсатындағы жұмыстардың да ұдайы жүріп отыруы – заңдылық. Бүгін осындай мақсатта Исатай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолы, оның ішінде Аққыстау және Тұщықұдық ауылдарының бойында «Жолда қабылдау» акциясы өтті.
Акция шеңберінде мамандар жол бойынан өткен көліктерді тоқтатып, көлік тізгіндеген әрбір азамат өз өмірі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты екенін жүргізушілердің есіне салды. Сондай-ақ полицейлер олардың жүргізуші куәлігін тексеріп, жол көлік оқиғасына, жол ережесіне және жылдамдықты арттыруға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимухановтың айтуынша, жылдамдықты шамадан тыс асыратындардың басым бөлігі – жолаушы тасылмадаған таксистер.
- Жылдамдықты белгіленген межеден асырмай, жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу және жол қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау такси қызметін ұсынатын әрбір жүргізушінің басты міндеті. Жасыратыны жоқ, жергілікті тұрғындар тарапынан да қала мен аудан ортасына қатынайтын таксистердің жол бойында жылдамдықты арттыруына байланысты наразылықтар жиі туындап жатады. Біз өз тарапымыздан жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Дегенмен, көлікті тізгіндеген әрбір азамат жылдамдықты асырмай, жол қауіпсіздік ережелерін өздігінен сақтауды әдетке айналдыру керек, - дейді бізбен тілдескен бөлім бастығы.
Акция аясында кей жүргізушілердің жолдағы қауіпсіздік ережелерін жеткілікті білмейтіндіктері де байқалды. Мәселен, Құрманғазы ауданынан Атырау қаласына қарай бағыт алған «Ипсун» маркалы көлігінің жүргізушісі көліктің оң жақ басқару жүйесімен жолаушы тасымалдаған күйі жолға шыққан. Ал, бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көрсетілген 572-бапқа қарама-қайшы әрекет болып табылады.
Расында да, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатырған тас жолдың бойынан көлікті асқан жылдамдықпен басқаратын жүргізушілерді күнделікті көре жүретініміз жасырын емес. Бұны құқық қорғау саласының қызметкерлері де жоққа шығармайды. Жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған осындай акциялардың жолдағы келеңсіздіктерді азайтуға сеп боларына сенімді. Сондай-ақ мамандар бұндай акциялардың аудан аумағында жиі өткізіліп отыратындығын да атап өтті.
Әділбек СЫРЫМОВ