Исатай ауылында Қазақстан республикасының 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан республикасының Құрметті азаматы» атты байқауына қатысқан бес адам жеңімпаз атанды.
Олар Мәдениет саласында 33 жыл еңбек өтілі бар, аудандық мәслихаттың депутаты болған Исатай ауылдық клубының директоры Салауат Меңдіғазиев және Исатай орта мектебінің ұстаздары Жеміс Молдашева, Ұлболсын Хайруллина, Гүлфан Ниғметолла, Гүлзада Дүкенова сынды ел ішінде абыройлы, өз істерінің нағыз шеберлері десе де болады.
Ауыл әкімі Аслан Ғұбашев жеңімпаздарды қабылдап, ауылдың мерейін асырған жандарға алғысын білдірді.
- Биылғы жыл Исатай ауылында жақсы жаңалықтармен басталған, сол үрдіс әлі жалғасып келе жатыр. Ауылдастарымыз «Мерейлі отбасы», «Жігіт сұлтаны» байқауларынан және әжелер ансамблі ән айтудан бас жүлдеге ие болды. Сіздер де Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында үлкен марапатталып, «Қазақстан республикасының Құрметті азаматы» атанып жатырсыздар. Біз қуаныштымыз! Бұл сіздердің тәуелсіздік жылдарындағы оқу-ағарту ісінде, мәдениет саласында тынбай еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін берілген маңдай терлеріңіздің өтеуі деп білемін,-деді ауыл әкімі және естелік сыйлықтар табыстады.
Аталған азаматтар «Bilim – Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының дипломы және төсбелгісімен марапатталған.
Сондай-ақ жерлестеріміздің есімдері мен өмірдеректері «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» байқауының энциклопедиясына енді.
Нұрболат НҰҒМАН