Бүгін Исатай ауданында «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауы өтті.
Онда «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбай, партияның Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов және қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова, аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары Индира Дусупкалиева мен Әнес Сидеғалиев тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов «шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ауыл-аймақтардағы проблемалармен танысу – партия ұстанатын басым бағыттардың бірі. Сондықтан ауылдық жерлерде мобильді қоғамдық қабылдау өткізудің маңызы зор» дейді.
Мобильді қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындар Х.Ерғалиев ауылы республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» тасжолының бойында орналасқандықтан қауіпсіздік шараларын қамтамасызету үшін ауылдың тұсынан жолдың жиегіне автобекеттер мен арнайы мал өткелдерін салу қажеттігін көтерді. Тұрғындардың пікірінше, ол ең алдымен жол көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізсе, екінші жағынан күрежол бойындағы қозғалысқа кедергі келтірмеуге де тиімді болмақ.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелердің тағы бірі – әлеуметтік маңызы бар нысандар салу. Олардың қатарында саябақ, ойын алаңдары, саз мектебі, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын қолға алу қажеттігі аталды. Бұл да жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, балалардың өнер-білімге қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын ұстануға қолайлы жағдай жасалуы үшін ауыл тұрғындарының алаңдайтынын білдіреді. Сондай-ақ тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаториядағы күндізгі ем қабылдауды қайта іске қосу мәселесін де көтерді.
«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбай: -Биыл 14-наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «мобильді қоғамдық қабылдау» жобасы іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін біз еліміздің барлық өңірлеріндегі 700-ден астам шалғай елді мекенді қамтыдық, онда қабылдауға 5000-нан астам азамат келді, олардың көтерген мәселелерінің 1500-ге жуығы оң шешімін тапты. Бүгінгі Х.Ерғалиев ауылында өткен қабылдауда ауылды абаттандыру, ауылішілік жолдарды орташа жөндеу, сондай-ақ жайылым, жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, «Атырау-Астрахан» тасжолында жүргізіліп жатқан жол-құрылыс жұмыстарына байланысты тұрғындар қалаға, не Астрахан бағытына қарай қатынауды қиындатып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жастар үшін спорттық сауықтыру кешенінің жетіспеушілігі де сөз болды. Партия бүгінгі көтерілген мәселелерді ерекше бақылауға алады,-деді.