Ішімдік ішіп көлік жүргізгендер енді қатаң жазаланады

Қазақстанда ішімдік ішіп көлік тізгініне отыратын жүргізушілерге қатысты шара қатаңдай түседі.

Президент тиісті тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішімдік ішіп рөлге отыратын жүргізушілерге қатысты шараны қатаңдатуды тапсырды.

"Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет" деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Жуырда мас жүргізушілердің кесірінен бірнеше жол апаты болған еді. Олар қоғамдық резонанс туғызды. Қарағандыда Lexus 570 көлігінің жүргізушісі үйдің ауласында тұрған бес бірдей көлікті соқты. Апаттан соң рөлде ұйықтап қалған. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті: 25 жастағы жігіт пен 29 жастағы әйел. Тағы бір жол апаты Алматы қаласында болды. Алкогольдік ішімдік пен есірткі қолданған BMW жүргізушісі жаппай жол оқиғасының себепкері болды. Салдарынан екі адам жедел жәрдем қызметі жеткенше көз жұмды. Тағы жеті адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қандай жаза қарастырылған?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес, алкогольді ішімдік ішіп, есірткі қолданған соң көлік тізгініне отырғаны үшін ең жеңіл жаза - үш жылға көлік басқару құқығынан айыру. Егер жүргізуші салдарынан жол апаты болса, бұл құқықтан төрт жылға айырылады. Адам денсаулығы мен өзге көліктерге зақым келтірсе, бұл жазаны бес жылға ұзарту қарастырылған.

Құқық бұзушылық қайталанса, мерзім ұзартылады. Бұдан бөлек, жүргізуші 15-тен 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Sputniknews.kz

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521