Ішіп алып, көлік айдайтындар көбейді

Исатай аудандық сотына өткен жылдың он екі айында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабымен 59 әкімшілік құқық бұзушылық іс түсіп, 59 әкімшілік шара алынған.

Оның ішінде 5 адамға қамау түріндегі жаза берілсе, 54 адамға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы берілген. Бұл істердің барлығы да заңда белгіленген мерзім ішінде қаралған. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабымен яғни, жүргізуші көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарса, онда оған қатаң әкімшілік шаралар қолдану қолға алынуда. Яғни, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

Ал осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, авариялық апат туғызған жағдайда, онда төрт жыл көлік жүргізу мүмкіндігінен айырылды дей беріңіз. Сондай-ақ осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер кездескен болса, онда бес жыл мерзім көлік жүргізбейді. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әрекеттер – отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Жалпы ішімдік ішіп мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілер жөнінде талай рет айтылып та, баспасөз беттерінде жазылып та жүр. Десек те одан қорытынды шығар емес. Күнделікті газет-журналдардың бетін ашып қалсаңыз немесе кешкілік теледидардан хабар қарасаңыз еліміздің әр шетінен мас күйінде көлік құралын жүргізгендердің іс-әрекеттерінен қаншама отбасы қайғы-қасірет шегіп немесе мүгедек болып жатқанын көріп, жаныңыз түршігеді. Аудандық сотта да осы бап бойынша қаралған істердің көпшілік дерлігі жастарымызға қатысты болып отыр. Араларында үлкен ер азаматтар да бар. Қазіргі қоғамымызда маскүнемдік мәселесі әлі де болса бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр. Соның ішінде мас күйінде көлік жүргізушілер саны күн санап артып келеді. Десек те, қол қусырып қарап отырмай, ата-аналар бала тәрбиесіне ерекше мән берулері керек деп есептейміз. Өйткені, көптеген ата-аналар көліктің рөлін балаларына беріп қояды. Өмірлік тәжірибесі жоқ олар жол апатын жасауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан кім-кім де болсын жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға міндетті.

Гүлназ САРИЕВА,

аудандық соттың бас-маманы,

сот мәжілісінің хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521