«Әйел денсаулығы – қоғам саулығының кепілі» атты Исатай ауданында облыстық конференция өтті

 Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының «Әйел және денсаулық сақтау» секциясы ұйымдастырған «Әйел денсаулығы – қоғам саулығының кепілі» атты облыстық конференция өтті.

Мұндағы мақсат– әйелдердің денсаулығының қоғам үшін маңыздылығына назар аударып, аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелерін талқылау болды. Сонымен қатар, қоғамдағы әйелдердің рөлі мен олардың физикалық және эмоционалдық жағдайын жақсарту үшін қажетті шараларды талқылауға ерекше көңіл бөлінді.

Конференцияның модераторы, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының Атырау қалалық филиалының басшысы және «Әйел және денсаулық сақтау» секциясының жетекшісі Ардақ Жауырова жиналған қауымды құттықтап, конференцияның қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

Алғашқы алғысөзді Исатай ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Нұрғайша Абежан  сөйледі. Ол әйелдер денсаулығының отбасы, қоғам және болашақ ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы ортақ күш-жігердің қажеттілігін айтты.

Содан соң облыстық онкология диспансерінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Эльмира Сапарова өз баяндамасында онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте диагностика шараларына тоқталды. Ол әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктер туралы нақты деректер келтіріп, профилактикалық тексерулердің маңыздылығын атап өтті.

Ал, аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова «Әйел денсаулығы. Исатай ауданының көрсеткіштері» атты баяндамасын ұсынды. Ол аудан тұрғындарының денсаулық көрсеткіштерін саралап, жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттерді баяндады.

Конференцияның келесі бөлігі панельдік пікірталас және сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар әйел денсаулығын сақтау мен жақсарту бойынша өз ойларымен бөлісіп, түрлі ұсыныстар айтты. Осы сессия барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – әйелдердің физикалық және эмоционалдық денсаулығын қолдау үшін қажетті жағдайлар жасау болды.

Қорытынды сөзді облыстық мәслихатының депутаты, облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Фатима Төлеева және Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының Исатай аудандық филиалының басшысы Ақмарал Тахаева айтты. Олар конференция жұмысына жоғары баға беріп, әйелдерге медициналық және әлеуметтік қолдауды жақсартудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

 Басқосу барысында әйел денсаулығын сақтау мен қоғамдағы әйелдердің рөлін нығайту бойынша көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Бұл іс-шара Атырау облысында әйел денсаулығына деген назарды арттырып, осы салада мемлекеттік құрылымдар, медициналық мекемелер және қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстардың қабылдануына негіз болды.

«Әйел денсаулығы – қоғам саулығының кепілі» тақырыбындағы бұл конференция әйелдердің денсаулығының тек отбасы үшін емес, бүкіл қоғамның тұрақты дамуы үшін де маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT