Әйел – үйдің ырысы

Ауданымыздың айнасы «Нарын таңы» газетіндегі «Ауылға жиен толып кетті» атты қазіргі заманғы өзекті мәселені басын ашып, ашық көрсеткен мақаланы оқи отырып, өз ойымды білдіруді жөн көрдім.

Қазіргі уақытта жасөспірім қыздар арасында үйде отырып, жүкті болу жағдайлары көп кездесіп, қатты ойландыратын мәселеге айналды. Бұл - өте толғанарлық жағдай. Оның себебі неде? Ата-ана тәрбиесінің аздығы ма? Әлде, мектепте тәрбие жеткіліксіз бе? Әлде, қазіргі дін мәселесі ме? Үш жағынан да қарастырып көрейік. Біріншіден, ата-ана желкілдетіп өсіріп, қатарынан қалмасын деп барды кигізіп, еркіне жіберсе, – жас қыз гүлге қонған көбелектей, қатеге ұрынады. Екіншіден, жасөспірім қыздарға берілетін ақпараттың аздығы. Үшіншіден, қателесіп дін жолына түсіп, ерте некеге отыру.

«Ұят болады» деген сөзді қазір аз естиміз жас аналардан. Қыз баламен ашық әңгімелесу сиреп бара жатыр. Кейбір қыздар сырларын анасына айтқаннан гөрі бөтен адамға (достарына, жұмыстастарына) айтқанды жақсы көреді. Сондықтан оларға ерте жастан жүкті болып қалмау туралы айтылып, мектепте факультативті сабақтар өткізіліп, әйелдер дәрігерлері мен қыздар арасында сұхбаттар жиі жүргізілуі қажет. Дана халқымызда «Қызға қырық үйден тыю» деген керемет сөз бар. Осы сөзді басшылыққа алған ананың қызы үйде отырып жүкті болмайды. Заңсыз, әкесіз жиендер көбеймейді. Келесі бір негізгі себеп – жастардың асығыс үйленіп, тез ажырасуы. Кеше ғана бар жиған-тергенімен той жасаған ата-ана, әкесіз жиенін бауырына басуға мәжбүр. Бұл мәселе қазақтың болашағын ойлайтын әрбір азаматты ойландырары анық. Ендеше, ағайын! «Әйел – үйдегі ырысың, ұл – айбарлы қылышың, қыз – түздегі өрісің, келін – кеңейген тынысың» дегендей, отбасы құндылығын жоғары қойып, шаңырағымыздың шаттығын, балаларымыздың бақытын ойлайық.

Гүлбану КАБУЛОВА,

Аққыстау ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521