Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген Ұлттық ұла сарбазы Мұхаммедқали Нұрмашев туған үйіне оралатын күнді тағатсыздана күтіп жүр. Ол Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде он бір ай бойы абыроймен қызмет етіп келеді. Енді, бір жылдық мерзімді әскери борышын аяқтауға небәрі 30 күн қалған сарбаз туған жеріне аман-есен аттануға дайындалуда.
– Әскердегі әр күнім мені көп нәрсеге үйретті. Ең алдымен тәртіп пен жауапкершіліктің мәнін түсіндім. Уақыттың қадірін ұқтым. Мұнда жүріп ата-анамның қамқорлығы мен туған үйдің жылуын бұрынғыдан да терең сезіндім. Командирлерімнен көп нәрсе үйрендім – олар маған нағыз ер азамат қандай болу керектігін ісімен көрсетті. Әскер – менің өмірімдегі үлкен мектеп болды. Бұл жерден алған тәлімім мен тәжірибем болашақ өмір жолымда мен үшін бағыт-бағдар боларына сенемін, – дейді қатардағы Мұхаммедқали Нұрмашев.
Бүгінде Мұхаммедқали сияқты жүздеген сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің сақшысы болып тұр. Әскерде қалыптасқан тәртіп пен ерік-жігер, өмірлік ұстаным мен төзімділік – олардың болашақта ел игілігіне қызмет етуіне негіз болмақ.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

