Кәсіпке оқытудан кенде емеспіз бірақ, одан нәтиже шықпай тұр

Өткен аптада аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мұрындық болуымен аудан әкімдігі жанындағы әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өткізілді.

Кеңейтілген режімде ұйымдастарылған мәжіліске аудан әкімі М.Мурзиев, ауылдық округтер әкімдері, дербес бөлімдер және кәсіпорындар мен ірі мұнай компанияларының басшылары қатысты. Бүгінгі күні ауданымызда жұмыссыздық деңгейі аудан халқының 4,9 пайызына тең келіп, 696 адамды құрап отыр. Былтыр осы уақытта 3,9 пайыз болған бұл көрсеткіштің өсіп кетуіне не жағдай әсер етті? Мәселен, былтыр аудандық әкімдікте бас қосып, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушы жас түлектерді уақытша қызметке қабылдаймыз деген кәсіпорындар жеме-жемге келгенде уәдесінен тайқып, көбісі түлектерді қабылдамаған екен.

Сонымен бірге «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 2017 жылы оқытылған 145 адамның 11-і ғана несие алып, өз кәсіптерін ашқан. Оған қоса «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасының жұмысшылары былтырдан бері 33 адамға, «Сазанқұрақ» мұнай компаниясында 145 адам, «Прикаспиан Петролеум компани» кәсіпорнында 10 адам қысқар-ған. Мұның бәрі, сайып келгенде, жұмыссыздық деңгейін арттырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. Осы мәселелерге байланысты кәсіпорын басшыларын орнынан көтерген аудан әкімі жұмыс орындарының қысқартылу себебін сұрады. Олардың айтуынша, бүгінгі күні жерасты мұнайының азаюына байланысты негізгі табыс та азайған.

Қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, әзірге штаттағы қызметкерлерді арттырмау, ал зейнетке шығу, көшу тағы да өзге жағдайлардағы босаған штат орнына адам алмай отыр екен. Қаржы көздерін оңтайландыру мақсатымен атқарылып отырған бұл шараларға түсіністік білдіре отырып, алайда аталған мәселені неғұрлым тиімді шешу үшін аудан әкімі әлеуметтік әріптестік аясында мекеме-кәсіпорын басшыларын бірлесе қызмет атқаруға шақырды. Ал, жоғарыда атап өткеніміздей, былтыр кәсіпкер боламыз деп оқытылған 145 адамның бүгінде 11-і ғана өз істерін бастауы себепті аудан әкімі М.Мурзиев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына аталған мәселеге орай жергілікті халықты бағыттау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қолдау, оқыту, оқытып қана қоймай, кәсіпкер болуына жағдай жасау, аталған мәселені аяғына дейін қадағалап, бақылау бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен бірге бүгінгі күні Новобогат ауылында Мәдениет үйінде жүргізіліп жатырған күрделі жөндеу жұмыстарына жабдықтаушы кәсіпкер жергілікті тұрғындардан адам алмай отыр екен.

Осы жағдайды ашына жеткізген ауылдық округ әкімі Р.Тәжиденованың уәжіне сәйкес аудан әкімі алдағы уақытта өткізілетін барлық тендерлер келісім-шарттарына міндетті арнайы бап енгізуді жүктеді. Ол бап бойынша әрбір ауданға келген кәсіпкер жұмысшылар санының кем дегенде он пайызын жергілікті тұрғындар есебінен алуға міндетті болады. Аудандық білім бөлімінің басшысы А.Бекішұлының айтуынша, бүгінгі күні келесі оқу жылына арнап 31 мамандық бойынша бос жұмыс орындарына сұраныс берілген. Алайда аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, мұғалім мамандықтары бойынша ұсыныс саны- 53. Бірақ ұсыныс пен сұраныстың сәйкес келмеуі аясы тар мамандықтар бойынша қабыспай отыр. Мәселен, орыс тілі, математика, физика

пәндері мұғалімдері бүгінде ауадай қажет. Сол себепті көптеген мектептерде зейнет жасына шыққан байыр-ғы ұстаздар қызмет атқарып жүр. Осы мәселелерге назар аударған аудан әкімі денсаулық сақтау саласындағыдай өзге мамандық иесін қажетті мамандыққа қайта оқытып алу үдерісін енгізуді ұсынып, сол арқылы негізгі контингентті жасарту, жастарға мүмкіндіктер беруге шақырды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521