Аудан орталығы Аққыстау ауылының келбеті жыл өткен сайын жаңарып, тыныс-тіршілігіне жаңа леп енуде. Бұл игі өзгерістердің жарқын айғағы – жуырда ауыл орталығындағы «Сазанқұрақ аллеясының» қайта жаңғыртылуы. Бұл маңызды жоба аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып, қысқа мерзім ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды.
Аллеяның абаттандырылуы жергілікті халықтың мәдени демалысына қолайлы жағдай туғызып, ауылдың орталық бөлігіне ерекше көрік берді. «Сазанқұрақ аллеясы» алғаш рет 2017 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Сазанқұрақ» ЖШС-нің демеушілігімен Аққыстау ауылының Мұнайшы көшесінде салынған болатын.

Көлемі 650 шаршы метрді құрайтын демалыс орнының құрылысына кәсіпорын 10 миллион теңге қаржы жұмсап, ауыл тұрғындарына тамаша тарту жасаған еді. Ол кезде кеніш қызметкерлерінің басым бөлігі Аққыстауда тұрғандықтан, компания бұл жобаны жергілікті қоғамға деген алғыс пен қамқорлықтың белгісі ретінде іске асырған. Дегенмен аллея сегіз жыл өткен соң тозығы жетіп, көркі кеткен. Сондықтан, «Сәтті мекен» ЖШС аллеяны қайта жаңартты. Ал бұл тұрғыда аудан әкімі Нұрым Мусин өз пікірін білдірді.
– Иә, жасыратыны жоқ, уақыт өте келе аллея табиғи тозуға ұшырап, ауа райының қолайсыз әсерінен бұрынғы ажарынан айырыла бастаған еді. Осы мәселені қолға алған аудан әкімдігінің тікелей бастамасымен демалыс орны толықтай жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Қайта жаңғыртылған аллея заманауи талаптарға сай абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне қайтадан ұсынылды. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – аудан орталығының инфрақұрылымын жақсарту, ауыл келбетін заманауи ету және ең бастысы, тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдайды жасау,-дейді ол.

Аллея бүгінде ауыл тұрғындарының кешкі серуен құрып, таза ауада тынығатын сүйікті мекеніне айналды. Ауыл тұрғыны Жазира Қизатқызы өз ризашылығын білдіріп:
— Бұл аллея алғаш ашылғанда бәріміз қуанып едік. Уақыт өте тозып, бұрынғыдай жарқырамаған болатын. Енді қайта жаңарып, ауылдың көркін арттырып отыр. Балалармен кешкісін серуендеп келеміз, жарық шамдары да әдемі әсер қалдырады. Осындай қамқорлыққа ризамыз,-дейді.
Аллея аумағында кешкі уақытта жаймен жанатын шамдар мен реттелген жарықтандыру жүйесі ауылға ерекше тыныштық пен жылылық береді.
Бұл игі іс-шара ауданның инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жергілікті халықтың ризашылығына бөленіп, ауылдағы қоғамдық кеңістіктерді дамытудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді.
Өз тілшіміз

