Қара алтын жолындағы қажырлы еңбек – мұнайшымен сұхбат

 

Бүгін мұнай-газ өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Қазақстан табиғи ресурстарға, әсіресе мұнай мен газ қорына бай мемлекет ретінде әлемдік нарықта өз орнын қалыптастырды. Бұл жетістік ең алдымен кен орындарында тәулік бойы еңбек ететін мұнайшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мұнай саласында бірнеше жыл еңбек етіп жүрген Еділ Бекмұратовпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Мұнай саласына қалай келдіңіз?

Қазіргі уақытта «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат департаментінде Әлеуметтік мәселелер жөніндегі маман қызметін атқарамын. Сонымен қатар, «Мұнайшы» бастауыш партия ұйымының төрағасымын, одан бөлек Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің резервінде тұрмын. 

Мұнай саласындағы еңбек жолымды 2008 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты Қауіпсіздік қызметінің 2-дәрежелі сақшысы ретінде бастадым. Қазір осы компанияда табан аудармай 17 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізі арманым журналист болу еді. Қызан ауылындағы Ә.Жангелдин атындағы мектепті бітірген соң, Ақтау қаласына келдім. 

Қазақ тілі мен әдебиетін ерекше жақсы көрдім. Бала кезімнен өлең жазып, аудандық, облыстық мүшәйраларға қатысып жүрдім. Бірақ грантқа түсе алмағандықтан, ата-анамның қалтасына салмақ салмау үшін «Маңғыстау политехникалық колледжіне» түсіп, автокөліктерді ұйымдастыру мамандығын оқыдым. Студент кезімде қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. 

Қазақстан студенттер альянсының колледждегі көшбасшысы болдым, «Азаматтық альянс» қоғамдық қорында мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарына атсалыстым. 

Сонымен қатар, «Жанартау» жас ақындар бірлестігінің құрылтайшысы болдым. Облыстық ақындар мүшәйраларында жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Ал, мұнай саласына келуіме себепші болған – анам. Анамның ақ батасы мен кеңесіне қарсы келмедім. Сол шешім мені бүгінгі еңбек жолыма алып келді. Бірақ бала күнгі арманым жүректе өшкен жоқ. Шығармашылықты өндіріс саласымен қатар алып жүрмін.

 

Жұмысыңыздың ең қызықты әрі ең қиын тұстары қандай?

2015 жылы Қаламқас кен орнына қарасты «Кешенді мұнай дайындау және өткізу цехына» оператор болып ауыстым. Мұнда 6 жыл еңбек еткен соң, 2021 жылы "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ Әлеуметтік топ инженері қызметіне тағайындалдым. 

Жұмысымның ең ауыр кезеңі COVID-19 пандемиясы тұсында болды. Бұл кезеңде көптеген қызметкерлер ауырып, адам өмірі үшін күрес басты міндетке айналды. Ауырғандарды оқшаулау, вахтаға келіп-кететіндердің ПТР тесттері, науқастарды бақылау осының барлығын әлеуметтік топ ретінде үйлестіріп отырдық. 

Жұмыста қайтыс болған әріптестердің жақындарына естірту, қажетті құжаттарын рәсімдеу, басқа да ауыр әрі жауапты сәттерде бірінші шепте жүрдік. Бұл оңай болмады. Бірақ сол ауыр күндерде біз адамгершілік пен жауапкершілікті бәрінен жоғары қойдық.

«Бұл Қаламқас арқау болар сан жырға,

Мұнайшымын, жұмыстастар бар мұнда.

Мұнаралар басын иіп тұрады,

Майға батқан мұнайшының алдында».

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT