Каспийдің таяздануына байланысты жаңа техникалар іске қосылды

Жақында NCOC компаниясы қысқы кезеңде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында су, мұз және құрлық жағдайында жүре алатын «ARCTOC» үлгісіндегі амфибиялық кемелерді іске қосты.

Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілі Рүстем Қорқытовтың айтуынша, мұндай шара Каспий теңізі деңгейінің күрт төмендеуіне, таязданған учаскелердің көбеюіне байланысты орын алуы ықтимал төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

– Нақты жұмыстар Жайық өзенінің сағалық кеңістігі аумағында және «Д» жасанды аралы маңындағы Каспий теңізі акваториясында жүргізілуде. Оның барысында экологиялық заңнаманы қатаң сақтай отырып, Приморск каналы арқылы өту қарастырылған. Қауіпсіздік шараларының орындалуын Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен шекара қызметінің жағалау жасағы бақылайды. Қыс мезгілінде Жайық өзенінің бетіне қалың мұз қатып, қар түсуіне орай судағы оттегі мөлшерінің азаю қаупі туындайтынын тәжірибеден көріп жүрміз. Осы жайт ескеріліп, амфибиялық кемелердің қозғалыс бағыты бойынша мұзды жару шаралары қолға алынып, балықтар мен өзге де суда тіршілік ететін жануарлардың жаппай тұншығуы мен қырылуының алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, бұл браконьерлікпен күрестің пәрменділігін арттыруға да оң ықпалын тигізеді. Сол себепті осындай жұмыстар кезінде тұрғындарды түсіністік танытып, қойылатын талаптарды мүлтіксіз орындап, ескертпелерге құлақ асып, жауапкершілік көрсетуге шақырамыз, — дейді инспекция өкілі.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT