Бала күнімде «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» сынды қазақ киноларын тапжылмай қарайтын едім.
Ол кезде таза қазақ тілінде көрер туындылар аз болатын. Арасына уақыт салып, сағындырып барып бір көрсететінді. Бүгінгідей дамыған қолжетімді уақыт емес. Қалаған нәрсені кез келген сәтте көру мүмкіндігі болмайтын. Өз ана тіліміздегі осы бір төл туындыларымыздың мәнді, мағыналы, астарлы айтар ойы терең еді.
Ал қазір ше ... Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы қазақ кино өндірісі даму үстінде. Кино да көп, киноға түсуші мен түсіруші де көп. Таза қазақ тіліндегісі керек пе, алашұбар араласпасы керек пе, көп ұлтты мемлекет екенімізді желеу еткен орыс тіліндегісі керек пе, баршылық. Көбісін көруге көз ұялады. Табиғатымызға жат көріністерді айтсаңшы. Рейтинг қуған заманда ұлттық реңктен алшақтап кеткендер жетерлік. Сапасы сын көтермейтін, берері аз дүниелер.
Бәрінен бұрын мені қазақтың тарихи туындыларының халі қынжылтады. Үндінің салт-дәстүрін жатқа соғып, кәрістің тарихын танып болдық қой. Жұртқа қарап тамсана-тамсана аузымыздың суы құриды. Енді өзіміздікін тамашалайтын кезді күтудеміз. Тарихымызды көп бөлімді сериал етіп түсірсе айлап, жылдап көретін едік. Оқу бір басқа, көзбен көрген бір басқа. Оқығанның бәрін ұмытпай ойда сақтау оңай емес. Әрі-бері шаңдатып шапқан жылқыны тамашалай беру түк бермейді. Әр кезеңді бөліп-бөліп бөлім-бөлім етіп түсінікті етіп түсірсе қандай жақсы. Маған қазақтың тарихи киносын өзге түгіл тарихты жатқа соғар мамандар әрең түсінетіндей көрінеді. Ата-бабамыздың өзгені жаулаймын деп емес, өз жерін қорғаймын деп аттан түспеген ғұмырын дұрыс жеткізу үшін мол ізденіс пен үлкен жауапкершілік керек. Басы жоқ, аяғы жоқ шалағай дүниелерді көргенде ішім удай ашиды. Адамның киген киіміне дейін ұлтынан бастап біраз нәрседен хабар беретіні айтпаса да түсінікті ғой. Бірақ осыған неге мән бермейтіндіктерін ұқпадым. Кім хан, кім кедей? Қайсысы әже, қайсысы келін?
Дәрежесі жоғары ма, төмен бе? Басқалардың бізден ұтатын бір тұсы сән-салтанатқа да баса мән беретіндігінде деп ойлаймын. Ер-тұрманға дейін күміспен қаптап, алтынмен аптаған бұрынғының зергерлігін еш кинодан көрмедім. Жыл мезгілін күздеу, қыстау, көктеу, жайлау деп бөліп, киіз үйін жыға салып, барған жерге тіге салып, көшпелі өмір сүрген қазақтың тұрмыс-тіршілігі бүге-шігесіне дейін ажыратылып айқын көрсетілмейтіні көңілге қаяу салады. Мал бағып жанын асыраған бұрынғылардың төрт түлікке қатысты атаулар, жөн-жоралғысы, ырым-тиымы, ат баптау әдістері, тағысын тағылары қайда? Аңшылық қырлары мен ит-бүркітті үйрету тәсілдері ше? Ұлттық тағамдарымыз бен салт-дәстүрлерімізді неге толық көрсетпеске? Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, үш жүзге бөлінген руларымызды атап-түстеп айтудан қалай қалыс қалады? Мұның бәрі бізге тән, бізге керек құндылықтарымыз емес пе? Айта берсең әттеген-айы жетерлік.
Қазақтың халық ауыз әдебиеті болсын, кез келген ақын-жазушысының тарих тұрғысынан баяндалған әр шығармасы, әр кітабы болсын киноға дайын тұрған материал ғой. Сол шығармаларды өңін өзгертпей, сапалы етіп түсірсе көрермен міндетті түрде көретін де, бағалайтын да еді. Кеңес заманын көрген алдыңғы толқын қазіргі жастар кітап оқымайды деп кінәлайды. Бірінен-бірі сұрап жүріп, іздеп жүріп оқитын ол заман қайта келмес. Дегенмен жазылған шығармалар желісімен түсірілген дүниелер жас буынның кітапқа деген қызығушылығын оятар мүмкін.
Тіпті оқымаған күнде киноны көрген адам сюжетпен бірге шығарма атын да, авторын да біле жүрер еді. Оның үстіне қазір әлемде бай тіл саналатын тіліміздің әдеби қоры жұтаңданып, небір шұрайлы сөздердің қолданыстан шығып, ұмытылып бара жатқаны да бар. Фильмдерде шығармалардағы әдеби сөздер қысқартылмай қаз-қалпында берілсе қазақ тілінің өз дәрежесіне, биігіне көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз. Қай жағынан алсақ та өз пайдасын тигізбей қоймас. Бәрін айт та бірін айт. Әрине кемшіліксіз дүние болмас. Қаулап өскен өсімдіктей көбейіп келе жатқан қазақ киносының болашағы жарқын деп сенемін. Келешек ұрпақты ұлтжандылыққа, туған елін, кіндік қаны тамған жерін сүюге, мақтан етуге тәрбиелейтін қазақ киносы көбейсе екен деп тілеймін.
Гүлдана ХАЙРУШЕВА
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университеті Ке АҚ журналистика
мамандығының 4 курс студенті