АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет басшысының геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын айтты. Вице-министр бұл тапсырмаларды жүйелі түрде орындау нәтижесінде тұтас сала жүйелі жаңғырту кезеңінен өткенін атап өтті.
— Бүгінде елімізде 103 түрлі пайдалы қазба мен шамамен 10 мың кен орны мемлекеттік есепке алынған. Қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 лицензия және 251 келісімшарт қолданыста, биылғы жылдың өзінде барлау жұмыстарына 707 лицензия және өндіруге 22 лицензия берілген, — деді Иран Шархан елордада Конгресс орталықта өткен есептік кездесуде.
Спикер геологиялық барлау нәтижесінде алғаш рет 5 кен орны мемлекеттік есепке енгізілгенін жеткізді, олар: Көк-Жон (Болаттөбе учаскісі), Алтыншоқы, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр. Пайдалы қазбалар қоры 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец және 1,3 млн тоннадан аса фосфорит көлемінде толыққан.
— Президент тапсырмасына сәйкес, ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 2 млн 14 мың шаршы шақырым зерттелген, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн 38 мың шаршы шақырымға жеткізіледі, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, саланың келесі даму кезеңі геологиялық зерттеуді 1:50 000 масштабқа көшіру болмақ. Бұл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақты зерттеу жоспарланған, одан кейін жыл сайын шамамен 30 мың шаршы шақырым қамтылады.
Бұл жұмыстар Ұлттық геологиялық қызметтің, «Центргеолсъемка» кәсіпорнының, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология институтының және жетекші салалық мамандардың қатысуымен консорциум аясында жүргізіліп келеді. Оған қоса, «Тау-Кен Самұрық» қатысуымен аэрогеофизикалық, геохимиялық және цифрлық технологиялар пайдаланылмақ.
— Геологиялық зерттеулердің сапасын көтеру үшін «Ұлттық геологиялық қызмет» жанынан заманауи, сертификатталған зертханалық кешен құрылады. Бұл орталық ғылым мен технологияны тоғыстыратын негізгі алаңға айналады. Жоба тек аналитикалық зертханалар салумен шектелмей, геологиялық қорларды сақтайтын арнайы қоймаларды да қамтиды. Соның нәтижесінде еліміздің геологиялық ақпаратын біріктіретін тұтас инфрақұрылым қалыптасады, — деді Өнеркәсіп вице-министрі.
Иран Шархан заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өтті. Саланы одан әрі дамытуға бағытталған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Сенатта екі оқылымда қабылданды. Айта кетейік, Қазақстанның геологиялық деректерінің 83%-ы цифрландырылды. Сонымен бірге, Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі алғашқы геологиялық кластер ашылып, барлау саласының білім, ғылым және өндірісін бір алаңға біріктірді.


