Қазақстанда дарынды оқушыларды қолдауға арналған SMART Daryn цифрлық платформасы іске қосылады

 

2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдау мақсатында SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосады.

Бұл цифрлық жоба республикалық және халықаралық сайыстарға оқушыларды дайындаудың маңызды құралына айналып, онлайн-білім алу мен тәжірибелі тренерлермен кеңесу мүмкіндігін ұсынып, оқушыларға білімдерін жетілдіруге және интеллектуалдық байқауларға дайындықтарын арттыруға көмектеседі.

Бірінші кезеңде прокторинг жүйесін қолданып онлайн-олимпиадалар мен конкурстар өткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта онлайн-сабақтар ұйымдастырылатын болады.

«Платформа дарынды оқушылардың дамуына және педагогтердің біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, оқу процесіне заманауи білім беру технологияларын енгізуге ықпал етеді. Біз SMART Daryn жобасы дарынды оқушылар үшін сапалы білім алуды айтарлықтай жеңілдетіп, білім беру жүйесінің барлық қатысушылары арасында тиімді өзара әрекеттестік орнататынына сенімдіміз», — дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Сонымен қатар платформада дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсу үшін емтихандар өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-дан астам мамандандырылған мектеп бар. Сондай-ақ SMART Daryn педагогтер үшін әдістемелік материалдар мен кеңестерден тұратын онлайн-кітапхана ұсынатын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT