Қазақстанның шығыс өңірлерінде су қоймалары мен каналдар қайта жаңғыртылады

 

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдап, онлайн форматта қазақстандықтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында суармалы егіншілікті дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Атап айтқанда, суару суын жеткізу аумағын ұлғайту есебінен ауыл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі уақытта Павлодар облысында лиманды суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі барлық қажетті қаражатты бөлді. Сонымен қатар еліміздің шығыс өңірлерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды түрде қайта жаңғыртуға дайындық жүріп жатыр.

    – Қазіргі уақытта Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында су қоймаларын, сондай-ақ магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды толық қалпына келтіру және реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Жобаларды әзірлеу келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Біз құрылыс және монтаж жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін бастауды көздеп етеміз. Министрлік пен оған қарасты ұйымдар осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Азаматтарды қабылдау барысында су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі заңсыз құрылысқа қарсы күрес мәселелері де қаралды. Сондай-ақ бассейндік кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бұған дейін хабарланғандай, ғалымдар Сырдария өзені бассейнінде ауқымды зерттеу жүргізіп жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT