«Келер жылы «Абай кім?» деп тұрмайық». Атырауда айтыс өтті

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Абайдың 175 жылдығына арналған "Қалың елім, қазағым!" атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен жыр додасында еліміздің әр өңірінен 24 ақын бақ сынады.

Айтыстың ашылу сәтінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Бақытгүл Хаменова сөз сөйлеп, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің атынан жыр мерекесімен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Айтыс тізгінін әдеттегідей М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерман қолға алды.

Шынын айту керек, айтыстың алғашқы жұптарынан анабір арқа қоздыратындай шаппа-шап байқамадық. Санитарлық талапқа сәйкес әр жерде бір қарайған көрерменнің қиқуы аздық етті ме, әлде карантин кесірінен көптен ду көрмеген ақындар сәл қарайыңқырап қалған ба, әйтеуір, бастапқы әзірде «бәрекелді» дегізетіндей айтыс көре алмадық. Рас, ара-арасында орамды ой айтып, қарсыласын қалжыңымен қағытып, «мақтамен бауыздағандар» болды. Солардың бірі атыраулық Жәнібек Садыров көп танылмаған тараздық Ғабит Есдәулетовпен айтысар алдында ол туралы мәлімет іздеп шаршағанын, тіпті интернет желілерінен де қарсыласының ешбір айтысын таба алмай қиналғанын айта келіп:

gabit24

Жас ақын дейін десем жаңа шыққан,

Оған да келмей отыр рең, денең,

Ғабеке, шыныңды айтшы, маған дейін,

Айтысып көрдің бе өзі біреуменен,- деп аз халықты мәз қылды.

Жылыойлық Сырымбек Сәрсембаевпен айтысқан ардагер ақын Алтынгүл Қасымбекова кіші жүздің келіні болып шықты. Ондайды құр жібермейтін Сырымбек жеңгесінің алып тұлғасына тиісемін деп сыбағасын алды-ау.

aitis243

Қонақтың аз отырып, көп сынайтын әдеті ғой, мұнайлы аймақтың байлығы мен экологиялық жағдайын сабақтастыра жырлаған Алтынгүл Атырауға ұшақтан түсе салысымен жатақханаға орналасқан бойда шомылып алғысы келгенге ұқсайды. Ары қарай өзін тыңдайық:

Орналасып алған соң ойға кеттім,

Қолымды алайын деп шайып судан.

Душыңды қосып едім жуынғалы,

Уысымды қара майың қарық қылған.

Қара алтын әл берместен атқылар деп,

Апыл-ғұпыл крантты жауып тынғам.

Құлақпен естігенді көз көреді,

Бай десе, бай екенсің барып тұрған.

Құдайым төбеңізден үйіп беріп,

Мұнайың шүмегіңнен ағып тұрған, - деген Алтынгүл Қасымбекова қайнысын да біраз қамшылады.

Елордалық жүйрік Еркебұлан Қайназаров пен атыраулық шайыр Шалқарбай Ізбасаровтың арасындағы сөз жарысын алғашқы айналымдағы қызықты айтыстардың бірі деуге болды.

Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Алтын домбыра» айтысының іріктеу кезеңінің екінші айналымында жұп болған ақындар араға екі аптадай уақыт салып қайта кездесіп отыр екен. Сөзді алғашқы болып бастаған Еркебұлан Жайық бойындағы елге жылы амандаса сала, «ұрыста тұрыс жоқ» деп, Шалқарбайға шап берді.

ercebulan24

«Арқада айтысқанда оңбай ұтылып едің, сонда да қоймай, Жүкеңнен тағы мені сұрап алыпсың» дегендей ой айтып, шумағының соңын:

Мен де осал емеспін, білесің ғой,

Осымен Шалқарбайдың ісі бітсін.

Сұрап алған аурудың емі болмас,

Енді менен түсіңде құтылыпсың, - деп аяқтады.

Қош келдің деп, төрімді ұсынғасын,

Қиянат жасай алам саған қалай?,- деп барынша өз жолынан шығуды ойлаған Шалқарбай қас жүйрік Қайназаровтан қысылып отырмағанын да байқатып, қарсыласын «ашық айқасқа» да шақырды, тақырыпты да естен шығармады.

Хәкімнің жазып кеткен даналығын,

Көп оқиық ендеше көп тыңдайық.

Бізге оның тойы емес, маңыздысы,

Ұлағатын сіңіру боп тұр лайық.

Бір жылмен ғана шектеп барлық істі,

Көңілді біз бекерге тоқ қылмайық.

Науқаншылдық кетпесін белең алып,

Мәні жоқ шараларды көп қылмайық.

Хәкімді сылтауратып улап-шулап,

Бюджеттің бір бүйірін жеп тынбайық.

Түк білмеген адамдай келер жылы,

«Абай деген кім еді?» деп тұрмайық, - деген Тайсойғанның ақыны Абайды тану бір жылмен ғана шектелмейтінін дөп айтты.

shalqar24

Аймақтағы басты мәселе экологиялық жағдай да ақындар назарынан тыс қалған жоқ.

Айтайын ағайынды ығыр қылған,

АНПЗ жайында анық хабар.

Қаланың қақ ортасы тұрған жері,

Сенбеген адам өзі барып қарар.

Улы түтін ауаға шығарғанда,

Аспанды қара бұлттай жауып қалар.

«Тухлая балка» дейтұғын арнасы бар,

Зиянды қалдықтары ағып барар.

Өздері зияны жоқ дегенменен,

Шындығында халыққа қауіпті олар.

Ұйқыдан тұрмай қалған жандар қанша,

Бір отбасын асырап бағып-қағар.

Бұған дейін қанша әкім ауысса да,

Дәл осыған салғырттық танытты олар.

Түк сезбеген адамдай кетті бәрі,

Иісті қолқамызды қауып қалар.

Қазіргі әкім кәнігі мұнайшы ғой,

Мүмкін бір дұрыс шешім тауып қалар.

Не дегенмен мұнайдың маманы ғой,

Иісі мұрынына барып қалар, - деп мәселені өткір әрі орынды қозғаған Шалқарбайға разы болдық. Одан әрі Атыраудағы елдің денсаулығына алаңдаған жергілікті айтыскер қарсыласына «Осы жайтты Елордаға айта бар» деген ұсынысын да жеткізді.

Қарсыласының әр сөзін қалт жібермей бағып отырған Еркебұлан Шалқарбайдың «Нұр-Сұлтан» қаласынан күні кеше келгендігін қару қылып: «Датыңды барып тұрып неге айтпадың?» деп қарымын үдете түсті. Осының алдында ғана «Сарайшықтан археологтарың жәдігер іздегенде ескі молалар ашылып қалыпты» деп сын айтқан елордалық ақын «ескі қаланы ешкі қора қылмаңыздар» деп облыс басшылығына назын білдірген Еркебұлан Шалқарбай көтерген Атыраудың экологиялық мәселесін де іліп алып былай деді:

Сорасы неғып ағып отыр десем,

Ашытқан у мен газдың жасы екен ғой.

Халықты мұнайменен қинап жатқан,

Жүрегі үкіметтің тас екен ғой.

Сіздерді шалқып жатыр деп ойлаушы ек,

Көңілің біздерден де пәс екен ғой.

Апыр-ай, бұрын қалай мән бермегем,

«Байлар да жылайды» деген осы екен ғой.

Қысқасы, бұл жұп арасындағы айтыстың деңгейі жоғары болды.

Тағы бір ерекше айтыс «Алтын домбыраның» иегері, алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, павлодарлық Рауан Қайдаровтың арасында өрбіді. Рүстем салмақты, сабырлы қалпында, өзіне тән шеберлікпен айтыстың сәнін кіргізсе, Рауан өзі аз уақытта сызылып отыруды қаламады ма, бірден «келсең, келге» көшті. Талайды шаң қаптырған Рүстемнің дәл қазір бабында емес екендігін бетіне басып, өзіне сенімді сөйледі. Дегенмен, атап айту керек, тақырыпты ашу жағынан Рүстемнің алдына түскен ақынды байқамадық.

aitis247

Дүниені біздің қазақ бес күн дейді

Сәт кешіксең еккенің кеш гүлдейді.

Құр тілмен қулық сауған пенделерді,

Абай қалай керемет кескіндейді.

Алты ұрпақ ауысқанмен содан бері,

Қоғамның өзгерді ме кеспір, бейілі, - деп бабасын толғана толғаған Семейдің тумасы Абай сипаттаған пендешілік пен «Баяғы жартас - бір жартас» күйінде әлі күнге өзгермеген, керісінше түрлене дамыған ұлт бойындағы жағымсыз қылықтарды опына жырлады.

Барлық малын шығындап болыс болсам,

Дегендер әлі ешкімді ілестірмейді.

Терін сатпай телміріп көзін сатқан

Әсемпаз өнерпаз боп өстім дейді

Әлдекім әлі күнге итін баптап,

Жаны аяулы жақсыға қостым дейді

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Қашқындар қазаққа өзін доспын дейді.

Өтірік пен өсекті жүндей сабап,

Желіде жұрт бір бірін бос тілдейді.

Баяғы жартас әлі сол жартас-ау

Жаңғырықтан басқа дым естілмейді

Асқар Сүлейменовтің сөзін айтсам

Астарына жасырған кескінді ойды.

Қалың ел, қазағына ес кірмесе

Абай да ешқашанда ескірмейді!, - деп бір-ақ қайырды сабазың.

Жемқорлық жайын да жанын жеп айтты Рүстем.

Көз қысты, бармақ басты кесірінен,

Дами алмай омалып отырмыз-ау.

Дамымай жатқаныңа жалғыз себеп:

Сметаны тексергенде соқырмыз-ау.

Жобаға енетіні - семіз өгіз,

Қораға келетіні - қотыр бұзау, айхай-ахооу, - дегенде қолымызды да соқтық, санымызды да сабадық...

Аға мен інінің арасындағы жарасымды әзіл, елдік, ұлттық құндылық, Абай мұрасы төңірегіндегі орамды ойлар айтқан бұл жұп та өзгелерден дара көрінді.

Келесі күні өткен айтыстың ақтық сынында алты жұп өнер көрсетті.

aitis244

Қорытындыда павлодарлық Рауан Қайдаров бас жүлдеге (1,5 миллион теңге) ие болса, Еркебұлан Қайназаров бірінші (1миллион теңге), Рүстем Қайыртайұлы мен Шалқарбай Ізбасаров екінші (750 мың теңге), Алтынгүл Қасымбекова, Нұрмат Мансұров, Әсем Ережеқызы үшінші (500 мың теңге) орындарды қанжығаға байлады. Атыраулықтар Жәнібек Садыров, Сырымбек Сәрсембаев, Серік Қойшығұлов, шымкенттік Нұрлан Есенғұлов, елордалық Нұрислам Әбділ арнайы жүлдемен марапатталды.

aitis245

Қатысқан ақындардың барлығына да 200 мың теңгеден шабыттандыру сыйлығы табысталды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521