Келешегіміз жарқын боларына сенемін

0 Votes

Еліміздің  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың 2 қыркүйегінде «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен жақында танысып шықтым.

Президент білім беру саласын жаңартуды қозғап: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі» десе, «Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет», деп денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға да баса назар аударды. Президент балалардың ерте жастан дамуы үшін сапалы білім беру қажеттігін айтты. «Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек» деді Мемлекет басшысы. 

Осының бәрі Президентіміздің ұлт болашағы – жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтылуы үшін жасаған қамқорлығы. Қазір біздер оқып отырған мектептің де материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Білім алуымызға қажетті заманауи технологиялармен, сапалы құрал-жабдықтармен қамтылған кең әрі жарық төгілген сыныптарда оқимыз. Түрлі спорттық және басқа да үйірмелер жұмыс жасайды. Әркім өз бейімділігіне қарай қайсысын таңдаса да ерікті. Қатарымызда түрлі республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген оқушылар бар. Жолдауда көп нәрсе қамтылған. Соның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеу жолын айқындап тұр. Мен туған еліміздің және оның жас ұрпақтары мектеп оқушыларының келешегі жарқын боларына сенемін.  

Мұрат Сарышев,

С.Имашев атындағы жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT