Кеншілер мен металлургтер конституциялық реформаны қолдайды

Конституциялық реформа және оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы ҚР «Атамекен» ҰКП Президиумының Геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің отырысында талқыланды.

Кездесуді ашқан ҚР «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев Комитет елдің тау-кен металлургия кешенін ұсынатынын атап өтті. Бұл салада 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар – экономиканың нақты секторында жұмыс істейтін, ең алдымен тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікті қалайтын еңбек адамдары. Саланы дамыту тұрақты реттеу саясатын, түсінікті әрі айқын ережелерді және мемлекетпен үздіксіз диалогты талап етеді, демек, жүргізіліп жатқан реформалардың сапасына тікелей байланысты. Ол бизнес қауымдастығының бірігуінің және Негізгі заң жобасында жетілдіріліп жатқан нормаларға байыпты көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

Комитет төрағасы Николай Радостовец мемлекетте жүргізіліп жатқан жүйелі жаңғырту үдерісіне назар аударды.

– Ел басшылығы қолға алып отырған қадамдар – жай ғана өзгеріс үшін жасалып жатқан өзгерістер емес. Бұл – мемлекетті жаңғыртуға, неғұрлым әділ әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған қажетті шаралар, – деді ол.

Н.Радостовецтің айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары сенімді даму қарқынын көрсетіп келеді: экономиканың өсу қарқыны шамамен алты пайызды құрайды. Жас тәуелсіз мемлекет үшін институттарды нығайтып, алдағы ілгерілеуге негіз қалайтын реформаларды жалғастыру маңызды.

Комитет басшысының пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістердің адамға бағдарлануы ерекше мәнге ие – азаматтың құқықтары, мүмкіндіктері мен бастамасы мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуда. Жаңа Конституция жобасында ашық, заманауи және дамуға бағытталған мемлекет қалыптастыруға ұмтылыс көрініс тапқан.

– Мен саяси жүйенің жаңғыртылып жатқанын көріп отырмын – ол анағұрлым заманауи, институционалды, дамыған елдерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қағидаттарға негізделген: бағдарламалар бәсекесі, жауапкершілік және қоғамға түсінікті ережелер. Бүгінде қоғамдық және саяси өмір жекелеген тұлғалардың амбициясы төңірегінде емес, қоғамның елеулі бөлігі қолдайтын бағдарламалар негізінде құрылуы аса маңызды. Дәл осы партиялық бағдарламалар мен ашық пікірталастар алдағы өзара іс-қимыл мен дамудың негізіне айналуы тиіс. Елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси стратегиясын қалай қалыптастыру керектігі жөнінде саяси алаңдарда сындарлы диалогты өрістетуіміз қажет. Мен мұнда үлкен әлеуетті көріп отырмын және мұндай өзгерістер қолдауға лайық деп санаймын, – деді Комитет басшысы.

Республикалық бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Баитов конституциялық реформаның тек саяси жаңару ғана емес, инвестициялық тұрақтылық факторы ретінде де маңызды екенін атап өтті.

– Конституциялық реформа ел экономикасының қалай дамитынымен және бизнес пен инвесторлар үшін ережелердің қаншалықты түсінікті әрі тұрақты болатынымен тікелей байланысты, – деді ол.

К.Байытовтың айтуынша, жоба преамбуласында және негізгі ережелерінде заң үстемдігіне, жеке меншікті қорғауға және мемлекет, бизнес пен қоғам мүдделерінің теңгеріміне басымдық берілген. Тау-кен металлургия кешені үшін бұл – тұрақты жұмыс пен дамудың негізгі шарттары.

– Тау-кен металлургия кешені – ұзақ мерзімді инвестициялық циклге ие капиталсыйымды жобалар саласы. Сондықтан Конституцияда меншікті қорғау, заңдылық пен кәсіпкерлікті қорғау кепілдіктерінің күшеюі біз үшін аса маңызды. Бұл инвесторлардың сенімін арттырып, жұмыс жағдайларын барынша болжамды етеді, – деді Қ.Байытов.

Ол сондай-ақ сот жүйесі мен заң үстемдігі қағидатының маңызын ерекше атап өтті: құқықтық және реттеуші тәуекелдердің төмендеуі қаржыландыру тарту мен ірі инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.

– Конституциялық реформалардың әлеуметтік-экономикалық әсері тұрақты дамумен де байланысты – жұмыс орындарын ашу, өңірлерді дамыту, қосылған құнды арттыру және заманауи технологияларды енгізу. Бұл бағыттардың барлығында тау-кен металлургия кешені дәстүрлі түрде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаты жер қойнауын ұтымды әрі жауапты пайдалану шеңберін айқындап, артық реттеусіз саланы жаңғыртуға және экологиялық тиімді шешімдерді енгізуге ынталандырады, – деп қорытындылады Қанат Байытов.

Пікірталасқа қатысушылар конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, сала өкілдерін қоғамдық талқылаудың алдыңғы қатарында болуға шақырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT