Атырау қаласының аумағында 2021 жылдың 12-18 сәуір аралығында яғни, бір апта ішінде жасөспірімдердің өздерінің тұрғын-жайларынан хабар-ошарсыз кету фактісі бойынша Атырау қаласы полиция басқармасының 102 операторына 4 хабарлама тіркелген.
Мысалы, 2021 жылдың 18 сәуір күні Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына 36 жастағы азаматша хабарласып, Ашхабад көшесінде орналасқан тұрғылықты мекен-жайынан 8 жастағы жасөспірім қызы күндізгі сағат 13:30 шамасында шығып кетіп, үйіне оралмағандығы жөнінде хабарлама берген.
Хабарлама бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірім полиция қызметкерлері түнгі сағат 01:00 шамасында қаладағы көшелердің бірінен тауып, жасөспірімнің өз бетінше көшеге шығып кеткендігін анықтады.
Одан басқа, аталған жасөспірімнің ешқандай мектепте білім алмайтындығы белгілі болды. Сол себепті, 8 жастағы жасөспірім Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Әрі қарай аталған жасөспірімнің ата-анасына қатысты іс-құжаттар Атырау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданатын болады.
Өз кезегінде Атырау қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, хабар-ошарсыз кеткен жағдайда тез арада "102" телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.
Сурет: ашық дереккөзден