"Хайп" қуған телебағдарламалар ұрпақ санасын уламай ма?

Жақында «Инстаграм» әлеуметтік желісін ақтарып отырып бір жаға ұстатарлық хабарландаруды оқып, шындыққа көзім жетті.

"Реалити шоуға қатысуға жастарды шақырамыз" делінген хабарландыруда 18-35 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға кастинг жарияланған және олардың көркем келбетті, уақыты бос болуын талап етіліпті. Жұмсалған уақытқа ақы төленетінін де айтылыпты әлгі жарнамада. Бір өкініштісі, ниет білдірушілердің қарасы аз емес. Бұрындары «бұл бағдарлама – қойылым» дегенді жиі еститінмін. Ести тұра: "бәрібір анық-қанығын білмеймін, қойылым болса қойылым шығар» деп, қолды бір-ақ сілтеп қоя беретінмін. Бірақ мына хабарландарудан кейін үндемеске болмады, "әй, қайдамды" қоя тұрып, қолға қалам алдым. Жасанды бағдарламаларды жіпке тізуді ұйғардым. "

Қалаулым", "Кел, келінім", "Өз ойым"... Бұлардың бәрі де отанымыздағы әмбеге аян телебағдарламалар. Тікелей эфирде не тәрбиелік мәні, не өмірлік ғибраты жоқ 3 сағат бойы шоу қоятын осы сияқты бағдарламаларға көз үйренді. Әйтеуір, көгілдір экранды қай уақытта қосып қалсаңыз да жаға жыртысып жатқан жігіттер, шаш жұлысып жатқан қаракөз қыздардың дау-дамайына куә боласыз. Куә бола таңданасыз да. "Апыр-ай, осыны дүйім жұрттың көзіне қалай шығарып отыр екен?" деген ой туады және. Сіз де келісетін шығарсыз. Осыдан-ақ отандық телевизияда БАҚ-тың "өліп" бара жатқанын аңғарамыз. Осындай дүбара дүниелер арқылы жағымды бағдарламаларды өз қолымызбен буындырып, тұншықтырудамыз. Ақиқаты осы...

"Қалаулым" реалити шоуы құрамындағылардың бәрі де тайлы-таяғымен актерсымақтар. Бір көргенде байқайтыным, "ә" десе "мәсі" дайын тұратын құр салғыласуға келген үміткерлер, көз-жасын төгуге дайын тұратын қыздар мен жұдырығын ала шабатын жігіттер, бұның бәрі олардың әрбіріне берілген рөл, сценарий... Бұл шынайы бағдарлама емес, бұл - театр алаңы.

"Кел, келінімнің» де шынайылығы өрге баспай тұр. Бұл жерде де режиссердің көздегені ибалы келінді дайындау емес, киімі көрікті де ақылы аздау шатақ келінді бұқараға насихаттау. Сценарийдің авторы кім болса да, сондай қияли адам екен. Ащщы да болса айтайын, ол жерге жиналған жастар актёр емес, әттең, сайқымазаққа да келмейді-ау.

Енді "Өз ойым" - ток-шоу бағдарламасын айтайық. Жалпы дұрыс бағдарлама дейін десең, қазақтың ұлыларын емес, сорлы жексұрындарын қайта-қайта жарнамалай беретіндері, қытығыңа тиеді. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, бәрі өз ойларын айтуға келеді ғой, бірақ өз ойын айтушыларға мүмкіндік мүлдем берілмейді. Ләйлә және Алмас... Екі жақты дауласу, ток-шоу, ол да дұрыс болар. Бірақ Алмас Алтайдың өзін-өзі ұстауы, эфир мәдениеті, этика мен эстетика, бейтарап көзқарас жағына келгенде тележурналист талаптарынан жұрдай екендігіне көз жеткізеді. Шыны керек, осы бағдарлама болмағанда кейіпкерлерді танымайтын да едім. Бәлки бар шығар біздің елде, бірақ, экранға қайта айналдырып кеп көрсете берудің не қажеті бар? Осы сайқалдарды көрсетпесе, сұраныс аз болушы еді ғой!

Өтініш, болашақ журналистер, рейтинг үшін емес, сапалы өнім шығару үшін жұмыс жасайық. Қолға алған ісіңіз қалай жарқ ете қалды, солай жалп етуі әбден мүмкін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің айтар болсам, мына өтіп жатқан ғаламдану, жаһандану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп тәрбиелейік дегім келеді. Ел боламын десек, экранымызды түзеп, көптің көгілдер экраннан алып жатқан дүниесінің ақ-қарасына көз жеткізейік.

Арсен САҒИДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521