Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап қана қоймай, саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Мемлекет басшысы ел алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтіп, ұлттық дамудың стратегиялық басымдықтарын жариялады.
Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу – уақыт талабы. Қазіргі заманда инновацияны игерген мемлекет қана жаһандық бәсекеде өз орнын сақтап қала алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Alatau City» сияқты ірі жобаның іске асырылуы – тек экономикалық емес, сондай-ақ ғылыми-инновациялық серпілістің де айқын белгісі.
Сонымен қатар инвестициялық саясатты арттыру, агроөнеркәсіптің әлеуетін толық пайдалану, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, су инфрақұрылымын жаңғырту – ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдар. Ал еліміздің халықаралық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанды әлемдік өркениеттің алдыңғы қатарына шығаруға, басқа елдермен бейбітшілік пен келісімді нығайтуға жол ашады.
Жолдауда ерекше орын алған тағы бір маңызды мәселе – парламенттік реформа. Егемендік алған алғашқы жылдардан бастап еліміздің саяси жүйесі заман ағымына сай жетілдіріліп келеді. Уақыт өте келе қоғамның сұранысына, азаматтардың талап-тілегіне сәйкес бірқатар саяси реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың билікке деген сенімін нығайту, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан әрі күшейту. Сондықтан бұл шешім – ел болашағы үшін жасалған батыл қадам, мемлекет пен азаматтық қоғамды жақындататын сенімді көпір.
Мемлекет басшысы осындай тағдыршешті мәселелер бойынша жалпыұлттық референдум өткізу қажеттігін айтып саяси реформаларымыз бірыңғай институционалдық жүйенің ажырамас бөлігіне айналатынын тағы да көрсетті. Әзірге Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығарылғанға дейін, жаңа парламенттік сайлау өткізілгенше өз жұмысын әдеттегідей жалғастырады. Біздің негізгі міндетіміз – Мемлекет басшысы белгілеген барлық бастамаға жан-жақты қолдау көрсету. Осы тұрғыда тиісті заңдар уақтылы әзірленіп, қабылдануы керек. Болашақта біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы бағыттарда жұмыс істейміз.
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Сенат депутаты