Елімізде отбасылық ішкі туризмді дамытуға бағытталған Kids Go Free бағдарламасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Яғни, аталған бағдарлама арқылы 2 мен 17 жас аралығындағы балалар ата-анасымен немесе жақын туыстарымен бірге ел ішінде саяхаттаған жағдайда, олардың билет шығындарын мемлекет өтеп береді. Бағдарламаға қатысудың басты шарты – турды лицензиясы бар туроператордан сатып алу.
Бағдарлама іске қосылғалы бері 5 500-ден астам бала еліміздің түрлі өңірлеріне тегін саяхаттады. Отандық туроператорлар жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеден асатын турлар сатқан.
Елімізде отбасылық саяхат үшін ең танымал бағыттар — Алакөл, Маңғыстау, Каспий жағалауы, Алматы және Алматы тау кластері, Түркістан, Астана мен Щучье-Бурабай курорттық өңірі.
Әр өңірде балалар мен ата-аналарға арналған түрлі нысандар мен демалыс орындары бар:
▪️ Маңғыстауда — Tetis Blue аквапаркі және Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы;
▪️ Алматыда — Көктөбе мен «Медеу» спорттық-туристік орталығы;
▪️ Астанада — «Бәйтерек» монументі және ҚР Ұлттық музейі;
▪️ Бурабайда — Абылай хан алаңы мен «Оқжетпес» табиғи нысаны.
Мұндай бағыттар отбасылық демалысты мазмұнды етуге, табиғат аясындағы демалыс пен танымдық туризмді тиімді қамтуға мүмкіндік береді.
Ішкі нарықта жұмыс істейтін және тиісті лицензиясы бар туроператорлар бағдарламаға ерікті түрде қатыса алады.