Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Атырау облысының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Парламентін реформалау және қоғамдағы әділеттілік пен теңдік мәселелерін жастар арасында талқылау мақсатында «Жастар көзімен: конституция және болашақ» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына ықпал ету, заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік қағидаттарын түсіндіру, сондай-ақ әділетті әрі ашық қоғам қалыптастырудағы жастардың рөлін айқындау болды.
Кездесуге спикер ретінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, Халықаралық құқық қорғау орталығының медиаторы, Атырау нотариалдық округінің нотариусы, заң ғылымдарының кандидаты Соледад Сагиновна, Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайфолла Сапанов пен Атырау облыстық Жастар Мәслихат депутаты Асухан Назымбеков қатысты. Спикерлер Парламентті реформалаудың мәні, оның саяси жүйедегі орны және халықаралық тәжірибедегі үлгілері туралы ой бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Шараға қатысушы жастар өз ой-пікірлерін ортаға салып, қоғамдағы теңдік, әлеуметтік әділеттілік, құқықтық мемлекет қағидаттары жөнінде көзқарастарын білдірді. Белсенді жастар өз ұсыныстарын жеткізіп, диалог алаңының мазмұнды өткенін атап өтті.


