"Алматыда 70 адам коронавирус жұқтырды".
Осылай деп жалған ақпарат таратқан дәрігердің басы дауға қалды. Әзілдейтін басқа ештеңе таппаған Думан Айтжанов дүниені дүр сілкіндірген коронавируспен қалжыңдамақ болып, онысын достарының тобына жіберген. Қылжақпас маман өзінің осы бір өрескел қате әрекеті үшін видео арқылы қазақстандықтардан кешірім сұрады.
"Мен, акушер-гинеколог Думан Кемпилович Айтжанов, бүгінгі видеоүндеуімді What's app-тағы "Братва" тобына коронавирус туралы жіберген видеома байланысты жаздым. Достарыма әзілдедім, қорықсын дедім, коронавирус туралы ескерттім. Видео үшін қатты өкінемін. Мені көріп отырғандарға мен сияқты қателік жасамаңдар деп айтқым келеді" дейді жалған ақпарат таратушы.
Тенгриньюс сайтының баяндауынша, полицейлер ер адамның тергеу кезінде уақытша қолхатпен босатылғанын айтқан. Ойнаймын деп от басқан Думанның ендігі жағдайы заң орындарына жақсырақ белгілі.
Еске салайық, мұның алдында дәрігердің ұсталғаны хабарланған болатын. Әлеуметтік желілерде ақ халат киген ер адамның Алматыда коронавирус жұқтырды деген 70 адам туралы айтқаны түсірілген видео тараған еді. Кейін бұл мәліметтің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жалған екенін айтты.
Видеодан алынған скриншот