АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Құрылтай депутаттарын өкілеттіктен айыруға негіз болатын себептерді атады.
- Құрылтай депутатының Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі, оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы депутаттың Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде оны сайлаған саяси партиядан шығуы немесе шығарылуы депутатты Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде сайлаған саси партия қызметін тоқтатқан жағдайда оны депутаттықтан айыруға қатысты норма ұсынылып отыр, - деді ол.
Сондай-ақ, ол депутаттарды ерекше құқықтан айыру құзыреті Орталық сайлау комиссиясының қолында қалатынын атап өтті.
- Депутаттарға жазалау шараларын қолдану, оларға қойылатын талаптардың депутаттық этика ережелерін сақтауына, оларды өкілеттігінен және депутатқа тиіспеушіліктен айырумен байланысты мәселелерді қарау Орталық сайлау комиссиясына жүктейтін норманы өзгеріссіз қалдыру ұсынылады. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Құрылтай ҚР Президенті ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, Конституциялық заңдарды қабылдайды, - деді сенатор.



