Аудан әкімі Нұрым Мусин ауданымыздың түрлі мекеме-ұйымдары мен өндірістік салаларында және мемлекеттік қызметінде еңбек ететін жастармен кездесу өткізді. Кездесу барысында ол әсіресе елімізді дамытып өркендетуде жастарымыздың қоғамға тигізіп отырған пайдасының зор екеніне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында Нұрым Бекежанұлы қазіргі кезде елдің әлеуметтік- экономикасын дамытуда оң әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын, мемлекеттік басқару аппаратының мақсаттарын оңтайлы жүзеге асыратын, болашаққа деген көзқарасы орныққан, ел басқаруда көшбасшылық қабілеті шыныққан мамандарға мемлекеттік қызметте сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Осы орайда 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Президенттік жастар кадр резерві құрылған еді. Содан бері күні бүгінге дейін үш рет кадрлық резервке іріктеу жұмыстары жүргізілген екен. Бұл үрдіс биылда жалғасын табуда.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз», – деген болатын. Осыған орай аудан әкімі өз сөзін ойын былайша сабақтады.
- Шынында да бүгінгі таңда аймақтық жастар кадр резервін құру – өңірлердегі мемлекеттік аппараттың құрылымын жетілдірудегі жақсы құрал болуы мүмкін және резерв мүшелері үшін өңірлерде мемлекеттік қызметтің беделді лауазымдарына ашық әрі тиімді әлеуметтік лифтпен көтерілуіне үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Резервке іріктеу кезінде аймақтардың өзіндік әлеуметтік-экономикалық жағдайы, географиялық орналасу ерекшелігі, т.б. факторлары ескерілуі керек. Өйткені, мұның нәтижесінде мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін әрбір жастың арасындағы бәсекелестік артып, сапалы мамандардың көбеюіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қазір ауданымыздың әртүрлі салаларында абыройлы қызмет атқарып жүрген жастарымыз аз емес. Осылардың арасынан болашақта ел басқару ісіне икемді, жаңашыл, іскер, ұйымдастырушы жастар шығатынына кәміл сенімдімін. Ендеше Президенттік жастар кадрлық резерві – бүгінгі жастардың сапалық көрсеткіші ғана емес, Қазақстанның болашағына, оның тұрақты дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосатын күші дер едім,-деген ол бұдан әрі аудан жастарының тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Өз тілшіміз