КӨШЕГЕ МАЙДАНГЕР ЕСІМІ БЕРІЛДІ

 

Жеңістің 80 жылдық белесті кезеңі күн өткен сайын жақындай түсуде. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз да фашистік нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты, барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Солардың бірі марқұм Құбашев Құмар ақсақал болатын. 

Ол 1921 жылы Новобогат ауданының Жанбай ауылдық кеңесіне қарасты Қызылбас елді мекенінде дүниеге келген. 1930-1939 жылдары ауыл мектептерінде білім алған. Мұғалімдер даярлайтын Гурьев педагогикалық училищесінде оқып, еңбек жолын ауыл мектептерінде бастады.

1942 жылғы қаңтар айында әскер қатарына шақырылып, Балтық жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерін неміс фашист басқыншыларынан қорғауға атсалысты, ауыр артиллерия құрамында болды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істері үшін «Қызыл жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының батыры маршал Г.К.Жуков атындағы медальдармен марапатталған.

 

 

Құмекең 1945 жылы елге оралып, Үштаған, Жамбыл, Сартөбе мектептерінде мұғалім, меңгеруші, мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары, тергеу комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған. 1956 жылдан бастап «3-ші Интернационал» ұжымшарында, кейін «Забурын» кеңшарында бригадир, экспедитор, ферма басқарушысы, қойма меңгерушісі болып жұмыс жасап, 1982 жылы зейнеткерлікке шыққан. Құмар ата өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, үйде де, түзде де қатаң тәртіпті сүйетін, өтірік, өсекке жаны қас, барынша шыншыл, әділ адам ретінде танылып, өмірден өтті. Өмірлік жары Фарида апа екеуі сегіз ұрпақ сүйіп, ұл-қыздарының қалаған білімдерін алып, саналы азамат болып өсулеріне мүмкіндік жасады.

Сәуірдің жаймашуақ күндерінің бірінде Атырау қаласы, Алмалы ауылдық округінің Береке елді мекенінде өткен салтанатты шара кейінгі толқын ұрпақтың жарқын болашағы үшін қан майданда от кешкен Құмар атамыздың есімін ұлықтап, жаңа көшелердің біріне майдангердің атын беру рәсіміне арналды. Оған ауыл тұрғындары, шақырылған қонақтар, Құмекеңнің көзін көрген, жұмыстас болған інілері, ағайын-тумалары көп жиналды. Салтанатты шараны ауылдық округ әкімі Гүлшат Төлегенқызы Аухадиева ашып, барша жиналғандарды жаңа көшеге ардагер ағаның есімі берілуімен құттықтады. Бұл арнайы комиссияда мақұлданып, қоғамдық кеңесте қаралып, ономастикалық комиссияда қолдау тапқандығын айтты. Ардагер ұрпақтары, үлкен ұлы Ізғали осы ауылда халыққа кәсіпкерлік қызмет көрсетуде үлкен жұмыстар атқарып келе жатқандығынан да хабардар етті.

Жиында Жанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпанов кеңшарда Құмар ағамен жұмыстас болғанын, көпке абыройлы, ауылдастарына сыйлы азамат ретінде танылғанын айтып, әскери гарнизон үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ауылдық округ әкімі екеуі көше аты жазылған ескерткіш тақта жабындысын ашты.

 

 

Береке ауылының тұрғыны Елеусін Хисимов, ағайындар атынан Жарылғап Ғұбашев ағалар сөз алып, ардагер жөніндегі естеліктерімен бөлісті. Майдангердің ұлы Ізғали Құмарұлы әкенің өнегелі өмір жолымен таныстыра келіп, ауыл тұрғындарына, ауылдық округ әкімшілігіне жүрекжарды ризашылығын білдірді. Жаңа көшеге алғашқы талдарды отырғызып, осы көшенің тазалығын, көгалдандырылуын ұрпақтары өз мойындарына алатындықтарын уәде етті. Жарасымды шара аруақтарға дұға бағыштап, ас беру рәсіміне ұласты.

 

Жайнарбек БЕРЖАНОВ,

журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT