КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ ЖАҢА ҮРДІСІ

 

«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА ҚҰРМАНҒАЗЫ АГРАРЛЫ- ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕ ТӘЛІМГЕРЛІК МАҢЫЗЫ ЗОР ЕКІ БІРДЕЙ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

ОҒАН ҚАЛА МЕН АУДАНДАРДЫҢ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРЕТІН ОҚУ ОРЫНДАРЫ МҰҒАЛІМДЕРІ МЕН ОЗАТ СТУДЕНТТЕРІ ҚАТЫСТЫ. БАСҚОСУҒА КЕЛГЕНДЕР АЛДЫМЕН КОЛЛЕДЖДІҢ «МЕХАНИЗАТОР» ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛЫП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАШИНАЛАРЫ, ТРАКТОР-АВТОКӨЛІК ЗЕРТХАНАЛАРЫ, АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, ДӘНЕКЕРЛЕУ ІСІ ТЕХНОЛОГИЯСЫ, АЛГОРИТМДЕУ ЖӘНЕ БАҒДАРЛАМАЛАУ КАБИНЕТТЕРІНІҢ, АВТОМОБИЛЬ ЖӘНЕ ТРАКТОР ТРЕНАЖЕРІНІҢ ЖАБДЫҚТАЛУЫМЕН ТАНЫСТЫ.

Одан соң кәсіби білім беруде өзара іс-тәжірибе алмасу бағытында «АгроБолашақ: Білім. Технология. Тәжірибе» тақырыбында семинарда пікір алмасты. Атырау облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының маманы Айнагүл Қабиева Президент Жолдауынан туындайтын әр салаға жаңа технологияны, жасанды зиятты енгізуде кәсіби білім берушілердің ролін атап өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің басшысы Болатбек Өтегенов «Колледж базасында өндірістік оқыту кластерін құру» атты баяндамасында білім бағдарламасын өндіріске бағыттып, кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге басымдық беру, дуалды оқыту мен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, ол үшін кластер құрудың маңыздылығына тоқталды.

Махамбет көп бейінді ауылшаруашылық колледжінің басшысы Жылбек Тұрсынбаев ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдаудың тетіктері, өнімдерді өңдеу, агротуризмді дамыту туралы сөз қозғады. О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Лапиденова «Ауыл шаруашылығындағы цифрлық технологиялар мен инновациялар» тақырыбындағы баяндамасымен таныстырды. Семинар соңында Құрманғазы аграрлы колледжінің әкімшілігі Махамбет, Индер, Қызылқоға ауданындағы әріптестерімен екіжақты меморандум жасасты.

Шараның екінші бөлімінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша «AgroSkills-2025» кәсіби шеберлік конкурсында бақ сынады. Жарыс шарты «WorldSkills» халықаралық стандартына сәйкес әзірленіп, ауыл шаруашылығы мамандығын игеріп жатқандардың кәсіби машықтарын жетілдіру, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеу және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын көздеді. Бұл байқау жас мамандардың кәсіби дайындығын көрсетуімен қатар, еліміздің аграрлық білім беру жүйесінің сапасын, кадрлар даярлау деңгейін және өндіріс талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік берді. Сайыс барысында қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға бейімделген тапсырмаларды орындады. Олардың қатарында ауылшаруашылық техникаларын басқару, тракторға тіркеме дәл жалғау, жер жырту бойынша практикалық кезеңдер бар. Қазылардың айтуынша, конкурс тек кәсіби шеберлікті сынау ғана емес, агроөнеркәсіп саласындағы оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында тәжірибе алмасуға, үздік білім беру әдістерін таныстыруға және салалық диалог орнатуға бағытталған тәжірибелік қадам ретінде қабылданды. «AgroSkills-2025» жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге, болашақ мамандығын игеруде сенімділік алуға және кәсіби ортаға бейімделуіне жол ашты.

 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT