Латын қарпін үйрену қиындық келтірмейді

Өткен аптада аудандық орталық кітапханада «Латын қарпі: кеше, бүгін, ертең» атты аудандық семинар-кеңес өткізілді.

Семинар мақсаты – тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында қазақ әліпбиін латын графикасына көшуді ілгерілету, елдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен бастамалар туралы пікір алмасу. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Насихановтың төрағалығымен өткен семинар барысында бес тақырыптық баяндама тыңдалды. Алдымен С.Шагиров шараның мақсатына, латын әліпбиіне көшу мәселесінің өзектілігіне тоқталды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Махмутов латын қарпіне көшу тиімділігін кезек-кезегімен атап өтті. -Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап, барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздер де олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық байланысты күшейтуіміз керек,- деді.

Ал, Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Жұмағазиева «Жаңа латын қарпіне негізделген қазақ альфавитін меңгертудің тиімді жолдары» баяндамасында мектеп базасында директордың бастамасымен латын әріптерін таныстыру мақсатында 5-6 сынып оқушыларына қазақ тілі таңдау пәні ретінде «Латын әліпбиі» тақырыбында қосымша сабақ өткізілетінін ерекше атады. Күнделікті түсінік жұмыстарынан кейін ата-аналардың да қызығушылығы артып, ағылшын тілін меңгерген жас буынға латын әріптерін үйренудің қиындығы болмайтынының дәлелі және балаларда осындай талпыныс болса, ата-аналар да тез меңгеріп алатынын айтып, мектептер мен мекеме-кәсіпорындарда арнайы үйірмелер арқылы латын әліпбиіне үйрету жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын білдірді.

Семинарда сондай-ақ аудандық білім бөлімінің әдіскері З.Қабышеваның, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі К.Манашеваның да баяндамалары тыңдалып, қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521